«Жетінші арнада» өтіп жатқан сайлауалды теледебатта көрермендердің онлайн дауыс беруінің аралық нәтижесі жарияланды. Алғашқы кезеңдердің қорытындысында «Әділет» партиясының өкілі 42,53 пайыз жинап, өзге қатысушылардан алға шықты, – деп жазады Ertenmedia.kz.
Астанадағы «Қазмедиа орталығында» ұйымдастырылған пікірталасқа Құрылтай сайлауына қатысатын жеті саяси партияның өкілі қатысып жатыр. Олар сайлауалды бағдарламаларын таныстырып, білім беру жүйесін дамытуға қатысты бастамаларын ортаға салды.
Дебаттың келесі кезеңінде қатысушылар бір-біріне сұрақ қойып, ұсыныстарды жүзеге асыру тетіктері мен мемлекеттік саясаттың өзекті мәселелерін талқылады.
«Әділет» партиясының өкілі Рауан Кенжеханұлы білім беру саласын цифрландыру мен жасанды интеллектіні кеңінен қолдануды ұсынды. Партия жеке деректерді қорғауға, цифрлық қауіпсіздікке және халықтың технологиялық сауатын арттыруға басымдық бермек. Алдағы бес жылда 5 млн қазақстандықты цифрлық технологиялар мен жасанды интеллект дағдыларына оқыту жоспары да айтылды.
Respublica партиясының өкілі Мейрамгүл Мәдәлі жоғары білімнің халықаралық бәсекеге қабілетін арттыру мәселесін көтерді. Ол шетелдік талапкерлерге арналған цифрлық қабылдау жүйесін енгізуді, қос дипломды бағдарламаларды кеңейтуді, білім экспортын дамытуды және жоғары оқу орындарының академиялық еркіндігін күшейтуді ұсынды.
Партиялар пайымы
ЖСДП өкілі Мақсұт Нәсібулов жоғары білімнің қолжетімді болуы отбасының қаржылық жағдайына тәуелді болмауы керек екенін айтты. Оның пікірінше, тегін жоғары білім беру популистік ұсыныс емес, бірқатар еуропалық елде қолданылып жүрген әлеуметтік саясаттың үлгісі.
«Байтақ» партиясынан қатысқан Аслан Байзаханов экологиялық мәдениетті балабақшадан бастап қалыптастыру қажет екенін мәлімдеді. Оның айтуынша, экологиялық ағарту мектеппен шектелмей, мемлекеттік басқару жүйесіне дейін жалғасуға тиіс. Партияның осы бағыттағы бағдарламалары 150 мыңнан астам адамды қамтыған.
Қазақстан Халық партиясының өкілі Бейбіт Құсайынов колледждерді бейінді жеке компаниялардың сенімгерлік басқаруына беруді ұсынды. Мұндай модель студенттердің кәсіпорындарда тәжірибеден өтіп, оқуын аяқтағаннан кейін мамандығы бойынша жұмысқа орналасуына жағдай жасауға тиіс.
«Ауыл» партиясының өкілі Шахмардан Байманов «Дипломмен — ауылға» бағдарламасының орындалуын бақылауды күшейтуге шақырды. Ол ауылдық квотамен білім алған түлектердің елді мекендерге барып жұмыс істеу міндетін нақты қадағалау қажет екенін айтты.
«Ақ жол» партиясының өкілі Дулат Тастекей педагогтердің еңбек жағдайын жақсартып, жалақысын көтеру мәселесіне назар аударды. Партия өкілі білім беру мен әлеуметтік саясатқа қатысты заңнамалық бастамаларды жүйелі түрде ұсынып келе жатқанын жеткізді.
Көрермендер тікелей эфирдегі QR-код арқылы «Қай партия өкілінің сөзі өтімді?» деген сұраққа жауап беріп жатыр. Аралық қорытындыда «Әділет» партиясы 42,53 пайыз жинады. «Ауыл» партиясының көрсеткіші 17,58 пайызды құрады.
Respublica партиясына 10,88 пайыз, Қазақстан Халық партиясына 10,13 пайыз дауыс берілді. ЖСДП 9,57 пайыз, «Ақ жол» 7,22 пайыз, «Байтақ» 1,32 пайыз алды. Қатысушылардың 0,77 пайызы «Ешқайсысын қолдамаймын» нұсқасын таңдаған.
Онлайн дауыс беру тікелей эфир аяқталғанға дейін жалғасады. Сондықтан көрсеткіштер өзгеруі мүмкін. Сонымен бірге мұндай сауалнама ресми сайлау нәтижесін немесе партиялардың жалпыұлттық рейтингін білдірмейді. Ол эфирді көріп отырған аудиторияның сол сәттегі пікірін ғана көрсетеді.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







