Энергетика вице-министрі Қайырхан Тұтқышбаев Жетісу облысының тұрғындарымен кездесіп, өңірдегі газ және энергетика инфрақұрылымын дамыту жұмыстары туралы баяндады, деп жазады Ertenmedia.kz.
Кездесу барысында вице-министр халықтың сауалдарына жауап беріп, өңірде жүзеге асырылып жатқан жобаларға тоқталды. Жетісу облысында газдандыру және жылумен қамту бағытында бірнеше ірі бастама қолға алынған.
2026 жылы облыста 4 газдандыру жобасы іске асырылады. Нәтижесінде 4 ауылдық елді мекендегі қосымша 10 мың тұрғын табиғи газға қол жеткізеді. Осылайша өңірдегі газдандыру деңгейі 68,6 пайызға жетеді.
2027 жылы тағы 9 елді мекенді газбен қамту жоспарланып отыр. Онда 134 мың адам тұрады. Бұл жобалар аяқталғаннан кейін Жетісу облысындағы газдандыру деңгейі 87,9 пайызға дейін көтеріледі.
Сонымен қатар өңірде «Текелі энергетикалық кешені» ЖШС-ін жаңғырту жұмыстары жүргізіліп жатыр. Бұл жоба энергетикалық жүйенің тұрақтылығын арттыруға бағытталған.
Үкімет Талдықорған қаласындағы жылумен жабдықтау нысандарының құрылысын аяқтауға қаражат бөлді. Қаржы қаланың жаңа Оңтүстік-Батыс тұрғын ауданындағы қазандық пен жылу желілерін салу жобаларын аяқтауға жұмсалады.
Жоба іске асқаннан кейін Болашақ, Көктем, Бірлік және Құлагер шағынаудандарындағы жаңа тұрғын үйлер мен әлеуметтік нысандар тұрақты жылумен қамтылады.
Қыркүйек айында қуаты 49 Гкал/сағ болатын жаңа қазандықтың құрылысы аяқталады. Сондай-ақ күзде Оңтүстік-Батыс тұрғын ауданының жылу желілерін салу жұмыстары толық бітуі керек. Бұл қазандықтың толыққанды жұмыс істеуіне қажетті инфрақұрылымды қамтамасыз етеді.
Нәтижесінде жаңа шағынаудандардағы 20 мың тұрғын сенімді жылумен қамтылады.
Кездесу барысында тұрғындар газдандыру, сұйытылған мұнай газы және көмірмен қамтамасыз ету мәселелері бойынша сұрақ қойды. Қайырхан Тұтқышбаев барлық сауалға жауап беріп, көтерілген мәселелер бақылауға алынатынын айтты.
Жетісу облысы үшін энергетикалық инфрақұрылымды жаңарту тұрмыс сапасына тікелей әсер ететін бағыт саналады. Газ, жылу және тұрақты энергия жүйесі өңірдегі жаңа тұрғын аудандардың дамуына, әлеуметтік нысандардың жұмысына және халықтың күнделікті өміріне маңызды негіз болып отыр.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







