2 мамыр күні Жетісу облысының Сарқан ауданындағы Тополевка ауылында орналасқан «Жоңғар-Алатау» мемлекеттік ұлттық табиғи паркінде Сиверса алмасының гүлденуіне қатысты фестивалі өтеді, деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
Бұл фестиваль – Жетісу өңіріндегі көктемнің ең ерекше әрі тартымды табиғи құбылысына арналған бірегей іс-шара. Таңдалған мекен де кездейсоқ емес. Дәл осы аймақта жабайы Сиверс алма ағашының әлемдегі ең ірі тоғайлары орналасқан. Ғалымдардың айтуынша, Жетісу аумағында Сиверс алма ағашының әлемдік қорының шамамен 48%-ы шоғырланған екен.
Жылына бір-ақ рет, бірнеше апта ғана жалғасатын бұл табиғи құбылысты тамашалауға мыңдаған туристер, фотографтар мен саяхатшылар арнайы келеді. Осы уақытта тау бөктерлері нәзік ақ-қызғылт гүлге оранып, көрген жанды еріксіз таңдай қақтырады.
Фестиваль туристік сала өкілдері, экологтар, ғалымдар, журналистер, танымал блогерлер, қолөнершілер, мәдениет қайраткерлері, студенттер және табиғатты сүйетін барша қауым үшін бас қосатын ауқымды алаңға айналады.
Сондай-ақ шара экологиялық туризмді дамытуға, табиғи мұраны қорғауға және өңірді халықаралық деңгейде танытуға бағытталған.
Іс-шараның маңыздылығы мен туристік тартымдылығын ескере отырып, фестиваль Қазақстан Республикасының республикалық оқиғалар күнтізбесіне енгізілген.
Биылғы фестивальдің ерекше қонақтары – Bayansulu мен Қуандық Рахым. Танымал өнерпаздар қонақтарға әсем әндері мен әсерлі көңіл күй сыйлайды.
Фестиваль бағдарламасы:
Гүлдеген Сиверс бақтарының таңғажайып панорамалық көріністері;
Суретшілер арасындағы ашық аспан астындағы (пленэр) байқауы;
Мәдени шаралар;
Ұлттық спорттық ойындар;
Қолөнершілер көрмесі мен шеберлік сабақтары;
Жарқын концерттік бағдарлама және ойын-сауық шаралары.
Жетісу өңірі баршаңызды Қазақстандағы ең әсем табиғи құбылыстардың бірін тамашалап, таза ауада, жанды табиғат аясында ұлттық мәдениетпен сусындауға шақырады. Жетісудағы табиғаттың тірі аңызымен танысуға асығыңыздар!
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







