Ұлттық банк төрағасы Тимур Сүлейменов жұртты алаңдатқан сауалға жауап берді, — деп хабарлайды ErtenMedia.kz.
Сүлейменовке «доллар 600 теңгеге жете ме?» деген сұрақ қойылды.
«Доллардың бағамын жоспарламаймыз және жарияламаймыз. Өйткені нарықтың күшімен сұраныс, ұсыныс бекітіледі. Сондықтан доллар бағамы қандай болатынына қатысты ешқандай жоспар жоқ», — деді ол.
Тимур Сүлейменов неліктен интервенция жасалғанын түсіндіріп, «амалсыз барғанымыз» дегенге келтірді.
«Интервенция жасағанымыз — дүрбелең болмауы үшін апаттық іс-шара. Ақша айырбастау пункттері, банктер алдында адамдар тұрмауы үшін жасаған іс-шарамыз. Осындай апаттық жағдай қалыптаспаса, ешқандай интервенция жасамаймыз, интервенция жасауға ешқандай ниетіміз жоқ. Өйткені ол — біздің резервіміз. Оны нарыққа жұмсаудың қажеті жоқ. Нарық қалай жұмыс істейтінін көрейік, соған қарап, соған сүйеніп, тиісті шаралар қабылдаймыз», — дейді Сүлейменов.
Айта кетейік, бүгін Ұлттық банктің Ақша-кредит саясаты комитеті базалық мөлшерлемені +/- 1 пайыздық тармақпен жылдық 15,25 пайыз деп белгілеу туралы шешім қабылдады. Шешім жаңартылған болжамдар мен инфляция балансын ескере отырып қабылданған.