Ұлттық банк айналымда жүрген «Сақ стилі» сериясының жаңа 500 теңгелік банкнотасының қорғаныш элементтері туралы егжей-тегжейлі ақпарат берді, деп жазады Ertenmedia.kz.
2025 жылдың 25 желтоқсанынан бастап айналымға шыққан жаңа банкнотаның дизайны сақ мәдениетінің элементтері мен дәстүрлі қазақ ою-өрнегіне негізделген. Қазіргі таңда бұл серияның бесінші банкнотасы халықтың қолданысында.
Ұлттық банктің түсіндіруінше, банкнота бірнеше деңгейлі қорғаныш жүйесімен жабдықталған. Бұл белгілер кез келген адамға купюраның түпнұсқалығын оңай тексеруге мүмкіндік береді.
Қорғаныш элементтерінің ішінде ең маңыздысы алтын түсті интаглио. Интаглио арнайы технологиямен жасалған бедерлі баспа түрі. Банкнотаның алдыңғы жағында бейнеленген Қазақстанның Елтаңбасы ерекше бедерлі алтын бояумен басылған. Оның бедерін саусақпен сипап сезуге болады. Сондай-ақ, көзі нашар көретін адамдарға арналған, банкнотаның жиектерінде орналасқан арнайы бедерлі элементтер бар.
Тағы бір маңызды қорғаныш белгісі банкнотадағы қорғаныш жібі. Банкнотаны жарыққа тосқанда, ол тұтас сызық болып көрінеді, ал купюраны сәл еңкейткенде жіптің бетінде көкшіл түсті пульсация эффектісі пайда болады.
Банкнотаның түпнұсқалығын анықтаудың тағы бір жолы электротип деп аталатын локалды су белгісі. Купюраны жарыққа қарағанда, номиналдың жасырын суреті анық көрінеді.
Ұлттық банктің мәлімдеуінше, бұл қарапайым қорғаныш белгілерін тексеру арқылы жалған ақшаны түпнұсқадан айыруға болады. Сондықтан азаматтар банкноталардың қорғаныш элементтерін мұқият тексеріп, алаяқтардың арбауына түспегені жөн.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







