Су тасқынына қарсы шараларға бөлінген қаражатты ұрлағандар қылмыстық жауапқа тартылды, — деп хабарлайды ErtenMedia.kz.
Ақмола облысының арнайы прокурорлары 300 миллион теңгеден аса қаражатты жымқырғаны үшін Атбасар ауданының әкімдігіне қарасты құрылыс бөлімі, «Престиж Строй 7» және «Фундаменталь» ЖШС-нің басшыларына қатысты соталды тергеуді аяқтады.
«Бұл қаражат 2021 жылы Үкімет резервінен Атбасар ауданында су тасқыны аймағында тұратын 200 жанұяны көшіру үшін екі 100 пәтерлі үйлерді салуға бөлінген», — деп жазылған хабарламада.
Күдіктілердің әрекеті аса ірі көлемде жымқыру, талан-таражға салу, яғни Қылмыстық кодекстің 189-бабы 4-бөлігі бойынша сараланды.
Айта кетейік, көрсетілген бап бойынша мүлкін тәркілеумен қоса 12 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы көзделген.
Екі күдіктіге сот санкциясымен күзетпен ұстау шарасы қабылданды, үшінші адам үйқамаққа алынды.
«Тергеу барысында қылмыстық жолмен алынған мүлік – Алматы, Астана қалаларында коммерциялық жылжымайтын мүлік, арнайы техника, құрылыс құрылғылар және банк шоттарында 50 миллион теңгеден аса ақшалай қаражат табылды. Тиым салынған мүліктің бағаланған құндылығы 335 миллион теңгеден асты», — деп жазылған хабарламада.
Прокурорлар бұл мүліктің бір бөлігі жалға берілгенін, қылмыстық пайда түскенін анықтады.
«Бір күдіктінің әрекеті қылмыстық жолмен алынған ақшаны және өзге мүлікті заңдастыру (жылыстату), яғни Қылмыстық кодекстің 218-бабы 3-бөлігі бойынша қосымша сараланды. Бұл үшін мүлкін тәркілеумен қоса 10 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы көзделген.
Қазір процеске қатысушылар қылмыстық іс материалдарымен танысып жатыр.
Айта кетейік, жуырда Перизат Қайрат та су тасқынына қатысты қаржыны жымқырды деген күдікке ілінді.