Кәсіпкер, Байқоңырдағы «Боран» ғарыш кемесінің иесі Дәурен Мұсаға іздеу жарияланды, — деп хабарлайды ErtenMedia.kz.
«Бір жылдары «Боран» ғарыш кемесін хан Кененің басына айырбастауға дайын екенін айтып, Кремльге шарт қойған бизнесменге іздеу жарияланды», — деп жазады Fragment.
Бас прокуротураның мәлім еткеніндей Дәурен Мұсаның үстінен «алаяқтық» бойынша қылмыстық іс қозғалып, кәсіпкерді құрықтау туралы пәрмен берілген. Тергеу амалдарымен Алматы полициясы айналысуда. Құқық қорғау органдарының нысанасына іліккен Дәурен Мұса КСРО-ның аса ірі жобасы, АҚШ-тың Space Shuttle бағдарламасына жауап ретінде жасалған «Боран» ғарыш кемесін 89 мың рубльге сатып алып, іріп-шіруге шақ қалған шатллды қайта қалпына келтірген еді. Кейінгі жылдары Кремль жекенің қолына өткен «Боранға» қайта «құмартып», ғарыш кемесін «Роскосмостың» балансына қайтаруға тырысқан. «Боран» біз үшін металл мен болттардың жиынтығы емес, советтік инженерияның ұлы жетістігі», — деп жазған еді осыдан төрт жыл бұрын компанияның сол тұстағы төрағасы Дмитрий Роғозин.
«Роскосмос» төрағасына дереу жауап қатқан Дәурен Мұса «шатлды хан Кененің басына айырбастауға дайын екенін» мәлімдеген-тін. Кәсіпкердің шарты Мәскеудің қытығына тигені анық еді. Fragment-ке жеткен мәлімет бойынша Ресей ғарыш кемесін «тарихи отанына қайтару» мақсатынан бас тартқан жоқ.
«Ресей қазақтың соңғы ханының басын қайтаруға асығар емес. Саяси сауданы кешірмейтін Кремль «Боранның» иесіз қалар сәтін тыпыршып күтіп отырса таңғалмаңыз», — деп жазды арна.
Жуырда Есілдің бойындағы хан Кененің мүсіні алынып тасталды. Әкімат ескерткіштің іргесі іріп-шіри бастаған, құлау қаупі бар дейді.
«Ұлысмедиадағы» әріптестерге сұхбат берген тарихшы Сұлтанхан Аққұлұлының айтуынша, бұл кездейсоқ емес, «бәрі бір саясаттың, бір сценарийдің желісі».