Кеше Кегенде Заманбек Нұрқаділовтің ескерткіш-бюсті ашылды. Іс-шарадан Мақпал Жүнісова көрінбеді. Әнші әлеуметтік желіде ашылу рәсіміне неге қатыспағанын айтты, — деп хабарлайды ErtenMedia.kz.
«Мені қарғап, көргісі келмеген Зәкеңнің ұрпақтары болсын деп шештім, кейін Мерей екеуміз барып, тағзым жасаймыз. Тегін концертті Зәкеңнің рухына бағыштаймын», — деп жазды Мақпал Жүнісова.
Айта кетейік, күні кеше Алматы облысы Кеген ауданының орталығында мемлекет және қоғам қайраткері Заманбек Нұрқаділовке арналған ескерткіш-бюст ашылды.
Кеген ауылындағы балалар өнер мектебіне Заманбек Нұрқаділовтің есімі берілді. Ескерткіштің ашылу рәсімі дәл осы Заманбек Нұрқаділов атындағы өнер мектебінің алаңында ұйымдастырылды. Салтанатты шараға мемлекет және қоғам қайраткерлері, ақын-жазушылар, танымал тұлғалар мен қайраткердің отбасы мүшелері қатысты.
Заманбек Нұрқаділовтің ұлы Қайрат Нұрқаділов бюсті ашты.
Салтанатты рәсімнен кейін қатысушыларға Заманбек Нұрқаділовтің өмірі мен қызметі туралы «Не только о себе» атты кітаптың 300 данасы таратылды.