Өздерін «қоғам белсендісі» деп көрсетіп, шын мәнінде бопсалаумен айналысқан блогерлер әшкереленді, деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
Ішкі істер министрлігінің мәліметінше, ел аумағында осындай 20-дан аса қылмыстық дерек тіркелген.
Жақында көлік полициясының ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес басқармасына теміржол қызметкерлерінен шағым түскен. Белгілі болғандай, өзін блогер деп таныстырған күдікті жолсеріктердің жұмысынан ілік тауып, олардан жүйелі түрде ақша талап еткен. Салдарынан теміржол қызметкерлеріне келген шығын көлемі 48 млн теңгеден асып отыр. Тергеу нәтижесінде күдікті 60 рет бопсалау фактісі бойынша кінәлі деп танылып, ұзақ мерзімге бас бостандығынан айырылды.
Жетісу облысында құрылыс компаниясының басшысынан 10 млн теңге талап еткен тағы бір жалған блогер ұсталды. Ол тұрғын үй құрылысына қатысты кемшіліктерді жария етемін деп қорқытып келген.
Алматы қаласында да бұрын сотты болған азаматтан 10 млн теңге бопсалаған күдікпен бірнеше «блогер» уақытша ұстау изоляторына қамалды. Бұған дейін де осы қалада супермаркеттер желісін қорқытып, 27 млн теңге талап еткен блогерге қатысты қылмыстық іс сотта қаралып жатыр.
Ұқсас оқиғалар Атырау, Қызылорда және Солтүстік Қазақстан облыстарында да тіркеліп, барлық күдіктілер қылмыстық жауапқа тартылған.
Түркістан облысында білім мекемелерінің басшыларынан қомақты қаражат талап еткен жалған блогерлер 3,5 жылға бас бостандығынан айырылды. ІІМ өкілі Қуандық Алпыс бопсалау әрекеті ауыр қылмыс екенін еске салды. Қазақстан заңы бойынша мұндай әрекет үшін кінәлі азаматтар мүлкі тәркіленіп, 15 жылға дейін түрмеге қамалады.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!

