Украина президенті Владимир Зеленский мен Ресей президенті Владимир Путин бейбіт келіссөздер туралы ойын айтты, — деп хабарлайды ErtenMedia.
Зеленский Fox News-ке берген сұхбатында АҚШ президенті Дональд Трамп ерік-жігері жетсе, Ресейді бейбітшілікке мәжбүрлей алады деп мәлімдеді.
Зеленскийдің айтуынша, Трамп Путинді Украинада атысты тоқтату туралы келісім жасасуға шақырды, әйтпесе Мәскеуді одан да бетер экономикалық қысым күтіп тұр.
«Путин дәл осыдан қорқады. Ол Трамп Украинаны қолдағанын қаламайды, өйткені Украина күшейе түседі», — деді Украина президенті.
Ол Қытай тарапынан Путинге халықаралық қысымды күшейтуге шақырды. Зеленский Путин Еуропадан қорықпайтынын, сондықтан Украинаға АҚШ-тан үлкен кепілдіктер қажет екенін жеткізді.
Ал Путин Ресей Зеленскиймен бейбіт келіссөздер жүргізуге дайын екенін айтты, бірақ оны бейбіт келісімге қол қоя алатын Украинаның заңды президенті деп санамайтынын мәлімдеді. Бұл туралы Euronews хабарлады.
Оның сөзінше, Мәскеу соғыс басталғаннан кейін бірден Киевке ЛХР және ДХР-ден «кетуді» ұсынған, сонда ешқандай соғыс болмаған болар еді.
«Зеленский келіссөздерге қатысқысы келсе, осы келіссөздерді жүргізетін адамдарды жіберемін. Мәселе құжаттарға түпкілікті қол қоюда. Бұл — Украина мен Ресейдің ұзақ мерзімді тарихи қауіпсіздігіне кепілдік беретін өте маңызды мәселе», — деді Путин.
Бұған дейін Путин Украина НАТО-ға кіруден бас тартып, өз әскерін Донецк, Луганск Запорожье және Херсон облыстарынан, сондай-ақ, Ресей 2022 жылы басып алған Украина аймақтарынан толығымен алып кетуі керек деп мәлімдеді.