Нұрәлі Әлиев «Транстелеком» АҚ директорлар кеңесі төрағасы ретіндегі өкілеттігін тоқтатты, — деп хабарлайды ErtenMedia.
Бұл туралы Нұрәлі Әлиев Instagram-да мәлімдеді. Оның айтуынша, акционерлер құрамынан шығып, компания сатылуына байланысты директорлар кеңесі төрағасы ретіндегі өкілеттігін тоқтату туралы шешім қабылдаған.
«Транстелеком« АҚ-да 10 жылдан аса жұмыс істегеннен кейін акционерлер құрамынан шығып, компания сатылуына байланысты директорлар кеңесі төрағасының өкілеттігін тоқтату туралы шешім қабылдадым. Бұл — мен үшін де, керемет даму жолынан өткен компания үшін де маңызды кезең», — деді ол.
«Транстелеком» – Қазақстандағы ірі байланыс операторларының бірі, телекоммуникация және IT-қызметтерін ұсынады.
Forbes деректеріне сүйенсек, компания акцияларының 75%-ын Unit Telecom арқылы Нұрәлі Әлиев пен Дмитрий Покупателев бақылайды, ал қалған 25%-ы «Қазақстан темір жолына» тиесілі. Бұрын мемлекеттік меншікте болған бұл компания 2015 жылы 9 миллиард теңгеге жекешелендірілген еді.