Алматы әуежайында қызметкерді кепілге алған қаскөй бұған дейін автобуста әйел адамды соққыға жыққан, деп хабарлайды ErtenMedia Ulysmedia.kz-ке сілтеп.
Былтыр күдікті ер адам Алматыда автобуста әйел адамға тап беріп, оны соққыға жыққан. Алматы қалалық полиция департаменті екі іске де бір адамның қатысы бар екенін растады.
— Бұған дейін күдікті қоғамдық көліктегі оқиғадан кейін Алмалы аудандық ПБ-на қарасты полиция бөлімі қылмыстық іс қозғады. Күдікті ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалған болатын. Сот тергеу барысында бұлтартпау шарасы ретінде үйқамаққа алу шарасын таңдады, дейді ПД өкілдері.
Сотқа дейінгі тергеу аяқталғаннан кейін қылмыстық іс материалдары сотқа жолданған. Былтыр желтоқсан айында сот ер адамды бір жылға бас бостандығын шектеу жазасына кескен.
Оқиғаның мән-жайы
7 наурызда Алматы әуежайында қолында суық қаруы бар ер адам қызметкерді кепілге алды. Желіде әуежайда түсірілген видео тарады. Кадрлардан қолында пышағы бар ер адам қыздың шашынан ұстап алғанын байқауға болады. Оқиға ішкі терминалда болған.
Әуежайдың баспасөз қызметі мәліметінше, ер адам өзін жолаушы ретінде көрсетіп, рейс алдындағы қауіпсіздік аймағына жақындаған. Қызметкерлер одан құжатын сұраған кезде ол қызметкерді пышақпен қорқытқан. 7 минуттан кейін шабуылдаушыны полиция мен авиациялық қауіпсіздік қызметкерлері ұстады. Ол қамауға алынды.
Кейін Президент Алматы әуежайындағы оқиғаға қатысты батыл азаматты марапаттауды тапсырды.