Жетісу облысында алдағы уақытта жом өңдейтін зауыт салынуы мүмкін. Бірқатар қытайлық компания өкілдері облыс басшылығына осындай ұсыныс білдірді. Әлеуетті инвесторлармен облыс әкімінің орынбасары Әсет Қанағатов кездесті,– деп хабарлайды Ertenmedia.kz Жетісу облысы әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Басқосуда жобаларын таныстырған инвесторлар аймақта қант қызылшасының жомынан мал азығын шығаратын зауыт ашқысы келетінін жеткізді. Егер кәсіпорын салынса, онда ол өндірген жоғары сапалы өнімдер жергілікті нарықта сатылып, экспортқа да шағыратылатын болады. Аймақтағы екі қант зауытымен ынтымақтастық артуды көздейтін жобаға 10 миллион АҚШ доллары көлемінде инвестиция тарту жоспарланып отыр. Инвестор-компаниялардың айтуынша, кәсіпорында жұмыстың басым бөлігі автоматтандырылады. Ең бастысы экологиялық таза өнім шығарылып, 30-40 адам жұмыспен қамтымақ. Жоба сәтті жүзеге асу үшін Ақсу қант зауытынан алатын шикізатты кептіретін алаң салып, Көксу қант зауытымен іскерлік байланыс орнату қажет. Кәсіпкерлер бұдан бөлек, алдағы уақытта жүгері мен жоңышқа өңдеп, мал азығын өндіру де жоспарда барын жеткізді.
– Әлеуетті инвесторлармен біз «қадам-қадаммен» принципі бойынша жұмыс істейміз. Өздеріңізбен бүгінгі кездесуіміз – алғашқы маңызды қадамның бірі. Жетісу аграрлы аймақ болғандықтан, біз ауыл шаруашылығы өнімдерін терең өңдеуге қатысты жобаларға ерекше қызығушылық танытамыз. Өңіріміз үшін қант қызылшасы басым дақыл екені белгілі. Биыл 550 мың тонна тәтті түбір аламыз деп жоспарлап отырмыз. Егер қант қызылшасы өнімін жинағанша барлық мәселені бірлесіп шешсек, қалдықсыз өндіріс орнын ашамыз. Біз маңызды инвестициялық жобаны жүзеге асыруда заңға сәйкес өз тарапымыздан тиісті қолдау көрсетеміз. Сіздерден нақты мерзімдері, өндіріс көлемі көрсетілген және барлық қажетті құжаттамалары бар егжей-тегжейлі жоба күтеміз, – деді Ә.Қанағатов.
Кездесуді қорытындылай келе, қос тарап жаңа кәсіпорынды логистика жағынан қолайлы, барлық инфрақұрылыммен қамтамасыз етілген «Талдықорған» индустриалды аймағының аумағында салу мүмкіндігін қарастыруға келісті.