Алматы облысы әкімінің орынбасары Болат Күренбековтың төрағалығымен «Ұлы дала жорығы» халықаралық марафон-бәйгесін ұйымдастыруға байланысты көшпелі жиын өтті,– деп хабарлайды Ertenmedia.kz
Жиынға аудан әкімдерінің орынбасарлары, облыстық басқарма басшылары мен тиісті департамент өкілдері қатысты.
Қатысушылар жарыстың жоспарланған маршрутымен жүріп өтіп, дайындық барысын пысықтады. Жиын қорытындысы бойынша жұмыс жоспарына сәйкес нақты тапсырмалар жүктелді.
Айта кетейік, “Ұлы дала жорығы” жобасы 2022 жылдан бастап жүзеге асырылуда. Алғашқы жорық сол жылы елордамыз Астанадан бастау алып, Түркістан қаласына 1200 шақырымды құрайтын маршрутпен жүріп өтті. Жобаның авторы — Бақытжан Тұрлыбеков.
Алматы облысында “Ұлы дала жорығы” 2025 жылғы 9 — 14 мамыр күндері өтеді. Бұл марафон-бәйге халықаралық деңгейде ұйымдастырылып, бірқатар елдің шабандоздарының басын біріктіреді. «Ұлы дала жорығы» халықаралық марафон-бәйгесі 500 шақырым қашықтықта Алматы облысында өткізілуі жоспарланып отыр.
Марафон-бәйгеге қатысуға 15-ке жуық мемлекет қатысады деп күтілуде, олар Ресей, Қырғызстан, Түркия, Иран, Мажарстан және т.б.
Бұл шара ұлттық спортты дамытуға және халықаралық деңгейде танытуға бағытталған маңызды қадам болмақ.