Бүгін Абай облысының әкімдігінде аймақ басшысы Берік Уәлидің төрағалығымен кеңейтілген аппараттық кеңес өтті. Жиынға облыстық басқарма басшылары, өңірлік департамент жетекшілері, ал қала және аудан әкімдері бейнережимде қатысты,- деп хабарлайды Ertenmedia.kz
Кеңесте өңірде көктемгі егіс жұмыстарын жүргізу және шалғай елді мекендер мен Алакөл жағалауында интернет сапасын жақсарту мәселесі қаралды.
Жиында Ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Ертай Қуанбаев аймақтағы егіс жұмыстары туралы баяндады. Үржар, Бородулиха, Көкпекті, Бесқарағай, Жарма аудандарының әкімдері бейнережимде қосымша ақпарат берді.
Басқарманың мәліметінше, көктемгі егіс жұмыстары барлық аудандарда басталған. 12 900 техника жұмылдырылған. Биыл облыста 753,1 мың гектар алқапқа ауыл шаруашылығы дақылдары егілмек. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 3,6 мың гектарға артық. Өңірдің егіс алқаптарына 46,2 мың тонна тұқым дайындалған. Облыстың ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілеріне 27,5 мың тонна арзандатылған дизель отыны бөлінген.
Жиында Үржар, Бородулиха, Көкпекті, Бесқарағай аудандарында минералды тыңайтқыштарды енгізу көрсеткіші төмен деңгейде екені атап өтілді. Жаңасемей, Мақаншы және Бородулиха аудандарына «Кең дала» бағдарламасы шеңберінде дихандарға көктемгі егіс пен күзгі жиын-терінге жеңілдікпен берілетін несие бойынша жұмысты жандандыру жүктелді.
Облыс әкімі кеңесте көктемгі дала жұмыстарын 25 мамырға дейін, техника жаңарту жоспарын 1 қарашаға дейін аяқтауды тапсырды.
«Жақында Көкпекті ауданына барған сапарымда өсімдік, ет және сүт бағытындағы шаруашылықтардың жұмысымен таныстым. Аудандағы шаруа қожалықтары бірігіп, өздері қор құрып, басқа шаруаларға көмек беру механизмін тиімді іске асырып отыр. Ауыл шаруашылығы басқармасына осы тәжірибені облыста кеңінен тарату үшін Жол картасын әзірлеп, ұсынуды тапсырамын», — деді аймақ басшысы.