Қазақстандық режиссер, клипмейкер және продюсер Медет Шаяхметов АҚШ-та Gucci Mane лақап атымен танымал әншіге клип түсіріп берді, деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
Медет Шаяхметов 1993 жылы 12 шілдеде Ақмола (қазіргі Астана) қаласында дүниеге келген. 2011 жылы Т.Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясында «монтаж режиссурасы» мамандығы бойынша оқи бастады.
Кинематография саласында халықаралық деңгейде жұмыс істейтін Медеттің қызметі негізінен шетелде. Ол – PBC Worldwide халықаралық продакшн-компаниясының негізін қалаушы әрі жетекшісі.
2019-2020 жылдары ол АҚШ-та білім алып, Нью-Йорк қаласында One Year of Filmmaking бағдарламасын, ал Лос-Анджелесте New York Film Academy академиясында киноөндіріс саласы бойынша бейнелеу өнері бакалавры (BFA) дәрежесін иеленді. Оның оқуына Saby Charitable Foundation халықаралық қоры грант бөлгені хабарланған.
Медет Шаяхметов Kanye West, Ty Dolla Sign, Rae Sremmurd сынды әлемге әйгілі орындаушылардың клиптері мен жарнамалық жобаларын түсірген. Сонымен қатар, ¥$ (Ye & Ty Dolla Sign) альбомына арналған бейнежобаларда да режиссер ретінде жұмыс істеген.
Қазақстан мен Ресей шоу-бизнесінде де белсенді – Скриптонит, Элджей, Jah Khalib, Moldanazar, Егор Крид сынды орындаушылармен бірлескен видеожобалары бар.
Қазіргі таңда ол Лос-Анджелес пен Алматы қалалары арасында тұрып, жұмыс істейді.