Қазақстан билігі ҰҚК-ның экс-төрағасы Кәрім Мәсімовке тиесілі Астанадағы зәулім вилланы әлі күнге дейін сата алмай отыр, деп хабарлайды Ertenmedia Bloomberg-ке сілтеп.
Басылым журналистері Кәрім Қажымқанұлының зәулім үйі не себепті өтпей тұрғанын зерттеген екен. Жалпы ауданы 2878 шаршы метрлік вилланың бағасы бастапқы құнынан 40 пайызға төмендеген.
Соған қарамастан, үйге «құда түсушілер» жоқтың қасы. Басылымның дерегінше, аталған виллада диско-бар, джәкузи, бәссейн, жеке театр және 30 бөлме бар.
Бір қызығы, жатын бөлмелердің біріндегі төсектің өзі бірден төрт адамға арналған екен.
«Үйдің бағасы бастапқыдан 3 миллион долларға арзандаса да, саудасы жүрмей тұр. Биыл мамыр айында үшінші рет өтпей қалды. Активтерді басқару компаниясы зәулім үйден тезірек арылудың амалын іздеуде», – деп жазады Bloomberg.
Басылымның пайымдауынша, қалталы қауым Қаңтармен байланысты аурасы ауыр үйді алуға құлықсыз.
«Коттеджі сатып алған адам бірден көптің назарына ілігеді. Оның үстіне, қазіргі жағдайда мұндай соманы жылжымайтын мүлікке салу да тиімді емес. Астананың тұрғын үй нарығы тұралап тұр, инвестициялық тартымдылығы төмендеген. Қымбат үйлерге деген сұраныс бұрынғыдай емес», – дейді Bloomberg.
Қаңтар оқиғасынан кейін қамауға алынған Мәсімов отанға опасыздық жасады деп 18 жылға сотталған.
Оның үйін тінту кезінде 17,2 млн доллар қолма-қол ақша, алтын-күмістер, қымбат сағаттар және жапондық катанаға дейінгі суық қару түрлері тәркіленген. Тәркіленген мүліктің қатарында осы вилла да бар.
Әңгіме тек бағада емес. Сарапшылардың айтуынша, үйді сатып алатын кез келген адам «мұрттының» таныстарының назарын аударуы немесе арнайы қызметтің бақылауына ілігуі ғажап емес.
«Ақыр соңында, билік мұндай мүлікті әкімшілік ғимарат немесе балабақша ретінде пайдалануды ұйғаруы мүмкін», – деп болжам жасайды Bloomberg.