Қазіргі таңда Алматы қаласы тек қызмет көрсету, сауда және білім орталығы ғана емес, нағыз өндірістік қала ретінде танылып келеді. Қала маңындағы жаңа зауыттар, логистикалық тораптар мен инновациялық өндіріс ошақтары бүгінгі күннің басты трендіне айналып, экономиканың жүрегіне айналған.
Тәуелсіздік алғаннан кейін Алматы біраз уақыт өнеркәсіптік әлеуетін жоғалта бастаған еді. Кеңес кезіндегі алып кәсіпорындар тоқтап, индустрия саласы тоқырады. Қала, көбінесе, сауда-саттық пен нарықтық қызметтерге икемделді. Бірақ жаһандану мен урбанизация үдерісі Алматыны қайта өндіріс қала болуға итермеледі. Соңғы жылдары осы бағыттағы өзгерістер айрықша байқалады.
Қазір Алматы қаласы әкімдігі өнеркәсіптің дамуына айрықша мән беріп отыр. Әсіресе қала маңындағы индустриалды аймақтар, арнайы экономикалық аймақтар – осының нақты дәлелі.
Мысалы, «Индустриалды аймақ – Алматы» арнайы экономикалық аймағының құрылуы мегаполисте жаңа өндіріс орындарының шоғырлануына себеп болды. Арнайы экономикалық аймақта инженерлік инфрақұрылыммен толық қамтамасыз ету, коммуникация жүргізу, кәсіпкерлерге жеңілдіктер ұсыну арқылы өнеркәсіпті қолдаудың жаңа моделі қалыптасты. 2024 жылғы ресми деректерге сәйкес, индустриалды аймақ аумағында 60-тан астам жоба іске асқан немесе іске қосылу алдында тұр. Оның ішінде құрылыс материалдары, машина жасау, тамақ өнеркәсібі, фармацевтика, логистика, агроөнеркәсіптік кешен, ІТ және жасыл энергетика салалары бар.
Ең бастысы – осы зауыттар мен фабрикалар тек Алматының ғана емес, бүкіл еліміздің өнеркәсіптік дамуына серпін беруде. Бұған нақты мысалдар жеткілікті. Соңғы жылдары Алматы маңында әлемдік стандартқа сай бірнеше ірі өндіріс орындары іске қосылды.
Айталық, Hyundai Trans Kazakhstan зауыты – заманауи автокөлік шығаратын, жылына 30 мыңнан астам автокөлік құрастыратын кәсіпорын. Бұл зауытта толыққанды өндіріс желісі бар. Өндір ошағында шанақ дәнекерлеу, сырлау, құрастыру, сапа бақылауы – бәрі бір жерде жүзеге асады. Hyundai Trans Kazakhstan-нан шыққан автокөліктер қазір тек Қазақстанға ғана емес, Орталық Азия нарығына, тіпті кейбір модельдер ТМД елдеріне экспортталады.
Өнеркәсіптің тағы бір ірі жобасы – Asia Steel Pipe Corporation. Бұл зауытта мұнай-газ саласына қажетті үлкен диаметрлі болат құбырлар шығаруға маманданған. Қазақстан үшін стратегиялық маңызды бұл өндіріс орны отандық шикізатты пайдаланып, ішкі нарықты қамтамасыз етеді және экспорттық әлеуеті жоғары. Мұндай кәсіпорындар тек қала маңындағы индустриалды аймақта емес, Алматының өзінде де іске қосылып жатыр.
Фармацевтика – Алматының жаңа өндірістік драйверіне айналған салалардың бірі. «Dolce» фармацевтикалық зауыты, Nobel AFF зауыты және бірқатар отандық фарма-компаниялар пандемия кезінде өз өнімдерін нарыққа ұсынды. Бұл – мегаполис өнеркәсібінің жаңа деңгейге көтерілгенін көрсетеді. Шетелдік инвестиция мен технологиялардың келуі, отандық кадрлардың кәсіби дайындығы өнеркәсіптік кластерді жаңаша қалыптастыруға жол ашты.
Тағы бір маңызды бағыт – құрылыс материалдары өндірісі. Алматы қаласында және оның маңында ірі цемент, бетон, кірпіш және әртүрлі құрылыс материалдарын шығаратын кәсіпорындар жұмыс істейді. Бұл өндірістер қаладағы тұрғын үй, инфрақұрылым құрылысын үздіксіз қамтамасыз етіп отыр. Отандық өнім үлесі жыл сайын артып, импортқа тәуелділік төмендеуде.
Қалада қазіргі заманғы өндіріс дегенде ІТ, цифрлық технологиялар және жасыл энергетика назардан тыс қалған жоқ. Оңтүстік астанамызда электроника, тұрмыстық техника, күн панельдері, жарықдиодты шамдар, батареялар өндіретін бірнеше зауыт жұмыс істейді. Бұл салада отандық стартаптар мен шетелдік инвесторлар арасында бәсеке күшейіп келеді. Сонымен бірге, қаладағы университеттер мен ғылыми-зерттеу орталықтары өндірістік жобаларға тікелей қатысып, инжиниринг, дизайн, сапа менеджменті сияқты бағыттарды дамытып отыр.
Алматы әкімдігі мен мемлекет кәсіпорындарды қолдау үшін түрлі жеңілдіктер ұсынуда. Олар – салықтық және кедендік жеңілдіктер, инфрақұрылымдық қолдау, қаржыландыру және инновациялық жобаларға гранттар қарастырылған. Мысалы, индустриалды аймақ қатысушылары үшін инфрақұрылым толық тегін беріледі, ал өндіріс орындары мемлекеттік сатып алу жүйесіне оңай кіре алады.
Жаңа өндірістердің тағы бір тиімді тұсы – жұмыс орындарының ашылуы. Соңғы үш жылда қалада 10 мыңнан астам жаңа тұрақты жұмыс орны пайда болған. Осылайша жергілікті кәсіпорындар жас мамандарға, инженерлерге, жұмысшы кадрларға мүмкіндік, әлеуметтік тұрақтылықтың кепілін ұсынып отыр.
Өнеркәсіптік экожүйенің дамуы қала маңындағы шағын және орта бизнестің өркендеуіне де ықпал етті. Ірі зауыттарға қызмет көрсететін жүздеген компания пайда болды. Айталық, логистика, техника жөндеу, ІТ-сервис, тамақтану, қауіпсіздік, инжинирингтік шешімдер – бәрі өнеркәсіп төңірегінде жұмыс табуда. Бұл – мультипликативті әсердің айқын көрінісі.
Бүгінгі таңда Алматы өнеркәсібі әртараптандырылған, тұрақты, болашаққа бағытталған саланы құрап отыр. Өндірістік өсім мегаполистің экономикалық қуатын арттырып, салық түсімдерін көбейтіп, қала инфрақұрылымын жетілдіруге мүмкіндік беруде. Бұл табыс әлеуметтік саланың дамуына, жол, мектеп, аурухана салуға, халықтың өмір сапасын жақсартуға жұмсалады.
Шетелдік сарапшылар Алматы өнеркәсібінің соңғы жылдардағы дамуын Орталық Азия аймағындағы ең табысты тәжірибе ретінде бағалайды. Қалада экономикалық әртараптандыру, инновация мен цифрландыру, кадр даярлау, жаңа технологиялар енгізу – бәрі тұтас жүйеге айналды.
Қорыта айтқанда, Алматы өнеркәсібі мегаполистің жаңа тынысы, еліміздің экономикалық қозғаушы күші. Қала әкімдігі өндірісті қолдау, инвестиция тарту, заманауи технология енгізу бағытында жүйелі жұмыс атқарып келеді. Бұл саладағы серпіліс тек алматылықтарға ғана емес, бүкіл Қазақстан экономикасына оң әсер етуде. Мегаполистің индустриялық өркендеуі – болашақтың іргесін қалауға арналған сенімді қадам. Ал алматылық зауыттардың оты ешқашан өшпесін, қаланың өндірістік қуаты арта берсін!