Қазақстанда мемлекеттік тіл саясатының тиімділігі мен тіл мәселесіне қатысты пікірлер азаматтардың тілдік ортасына байланысты әртүрлі бағаланып отыр.
Ел халқының жартысынан астамы үш тұғырлы тіл идеясын қолдайды, сонымен қатар мемлекеттік тіл саясатының тиімділігін атап өткен азаматтардың үлесі де айтарлықтай жоғары, деп хабарлайды Ertenmedia.
DEMOSCOPE бюросы 2025 жылдың 24 шілдесі мен 9 тамызы аралығында MediaNet халықаралық журналистика орталығы, PaperLab зерттеу орталығы және Конрад Аденауэр қорының қолдауымен телефон арқылы ауқымды сауалнама жүргізген.
Қазақстанның 17 өңірі мен республикалық маңызы бар қалаларынан 1100 адам қатысқан зерттеу қорытындысы бойынша халықтың басым бөлігі (50,7%) экс-президент Назарбаев 2006 жылы ұсынған үш тұғырлы тіл идеясын әлі де өзекті деп санайды.
Аталған концепция бойынша қазақ тілі мемлекеттік, орыс тілі ұлтаралық, ал ағылшын тілі халықаралық коммуникация тілі ретінде белгіленген.
Сауалнамаға қатысушылардың 32,8%-і үштілділік «өзекті шығар» десе, 12,7%-і «өзекті емес» деген пікірде.
Қызмет пен мансапта ең қажетті тіл ретінде қазақ тілін қатысушылардың 80,1%-і атап өткен. Бұл ретте орыс тіліне 35,5%, ағылшын тіліне 23,8% респондент басымдық берген.
Мемлекеттік тіл саясатының тиімділігін бес балдық шкала бойынша бағалағанда сауалнамаға қатысушылардың жартысына жуығы (47,2%) «өте тиімді» деген баға берсе, 18,2%-і «тиімді шығар» деген ұстанымда.
Сонымен қатар, мемлекеттік тіл саясатын жалпы алғанда нәтижесіз деп санайтындардың үлесі 28,5%-ті құрайды. Оның ішінде 24%-і «жеткілікті тиімді емес», 4,5%-і «мүлдем тиімсіз» деп есептейді.
Мемлекеттік тілдің дамуын тежеп отырған негізгі кедергілер қатарына кәсіби оқытушылардың жетіспеуі (26,4%), халықтың қазақ тілін үйренуге құлшынысының төмендігі (23,9%) және сапалы оқу құралдары мен тіл орталықтарының тапшылығы (21,5%) кірген.
Бұдан бөлек, оқыту әдістемесінің тиімсіздігі (16,3%), Қазақстанның Ресейдің ақпараттық ықпалында болуы (15,7%) және тіл саясатын іске асырудағы жемқорлық (12,2%) да жиі айтылды. Ал респонденттердің 17,4%-і ешқандай кедергі жоқ деп санайды.
Тіл мәселесін қабылдауда тілдік топтар арасында айқын айырмашылық байқалған. Мысалы, орыстілді респонденттердің 33,6%-і тіл саясатына наразы болса, екі тілді қатар қолданатындар арасында бұл көрсеткіш 24,1%-ті, қазақтілділер арасында 19,4%-ті құраған.
Қазақ тілін дамытудың тиімді шаралары ретінде мектеп пен жоғары оқу орындарындағы оқыту сапасын көтеру (39,8%), мемлекеттік қызметкерлер мен қызмет көрсету ұйымдарында тіл білу талаптарын күшейту (26,6%), ересектерге тегін курс ұйымдастыру (25,3%) аталған.
Мемлекеттік бағдарламаларға жемқорлыққа қарсы аудит жүргізуді 15%-і тиімді шешім деп есептейді.
Сауалнамада білім сапасының оқу тіліне байланыстылығы да зерттелген.
Қазақ тілінде берілетін білім сапалы дегендер 37,7%, орыс тіліндегі білімді сапалы санайтындар 23,3%. Респонденттердің 27,6%-і сапалы білім тілге тәуелсіз деген пікірде.
Айта кету керек, бұл мәселеде қазақтілділердің 53,5%-і мемлекеттік тілде білім сапалы деген ұстанымда болса, орыстілділердің 45,3%-і орыс тілінде берілетін білімді сапалы деп санайды.
Ересек жаста қазақ тілін үйрену мүмкіндігі сауалнамада қамтылған тағы бір мәселе. Респонденттердің жартысына жуығы (шамамен 50%) 18 жастан кейін қазақ тілін меңгерген адамды мүлдем кездестірмегенін айтқан. 33,5%-і мұндай жағдай өте сирек кездеседі деп жауап берген.
Сауалнама әдістемесіне сәйкес, зерттеу ұялы байланыс абоненттері арасында телефонмен сұхбаттасу арқылы жүргізілген. Іріктеу кездейсоқ сандар базасына негізделген. Сауалнамаға қатысушылардың 47,4%-і ер, 52,6%-і әйел адам. Олардың 78,5%-і қазақ, 10,4%-і орыс, 10,7%-і өзге ұлт өкілдері. Қала тұрғындары – 66,9%, ауыл тұрғындары – 32,7%. Зерттеу нәтижесінің қателігі 95% ықтималдықпен 3%-тен аспайды.
Сауалнама қорытындысы көрсеткендей, елдегі тіл саясатының тиімділігі мен қабылдануы азаматтардың қолданатын тілі мен әлеуметтік ортасына тікелей тәуелді.