Құлыбаевтың «Астана» халықаралық қаржы орталығында (АХҚО) жаңа холдингтік компанияны тіркеуі нені білдіреді?
Саясаттанушы Ғазиз Әбішев әлгі шешімді ірі бизнес өкілдерінің президент Тоқаевтың жаңа экономикалық бағытын қолдау ретінде бағалайды деп жазады Ertenmedia.
Әбішевтің айтуынша Құлыбаевтың АХҚО-да Almex Holding Limited компаниясын тіркеуі елдегі активтерді қайтару науқанының ресми түрде саябырсыған кезеңімен сәйкес келіп тұр.
Президент жуырда ғана активтерді қайтару жөніндегі комитетті қайта атауды тапсырған еді. Жаңа атауда бұрынғыдай «активтер» сөзі жоқ, есесіне «инвестицияларды қорғау» түсінігі пайда болды.
Бұл биліктің ірі бизнес өкілдерін үркітіп-қорқыту саясатының орнына, олармен өзара сенім мен серіктестік қарым-қатынас орнатуға ниетті екенін аңғартады.
«Соңғы кезде ауқатты азаматтар активтерді қайтару үрдісіне қарсылық көрсетудің орнына, Президент Тоқаев белгілеген бағытқа қарай бет бұрып жатыр. Бұл бағыт нақты секторға инвестиция құю, қайырымдылықпен айналысу және жалпы экономиканы дамыту. Құлыбаевтың Almex Holding Limited компаниясын АХҚО-да тіркеуі осы үрдістің айқын көрінісі. Өйткені, АХҚО Лондон, Сингапур және Дубайдың тәжірибесіне негізделген, ағылшын құқығына сүйенетін беделді халықаралық алаң. Мұнда инвесторлардың мүддесі жоғары деңгейде қорғалады», – дейді саясаттанушы.
Сарапшының пайымдауынша, Құлыбаевтың қадамы АХҚО-ның ірі инвесторлар арасындағы беделін күшейтіп, олардың орталыққа деген сенімін нығайта түседі. Құлыбаев осылайша тәуекелді ақылмен бағалап, капиталын халықаралық деңгейде қорғайтын алаңда орналастыруды жөн көрген.
Сондай-ақ саясаттанушы Құлыбаевқа тиесілі басты мұнай-газ активі саналатын «Каспий мұнай» компаниясының сатылуы туралы ақпараттың шындыққа жанаспайтынын айтады.
«Әзірге Құлыбаев мұнай-газ саласынан біржола кетеді деген болжам тым асығыс жасалған тұжырым. Елде қалыптасқан капиталдың Қазақстан аумағында орналасқан халықаралық қаржы орталығында айналымда болуы елді өңірлік қаржы хабына айналдырудың нақты қадамы. Сондықтан «Каспий мұнай» компаниясының тағдырына байланысты түрлі сценарийлердің орындалуы мүмкін», – дейді Әбішев.
Ғазиз Әбішев президент Тоқаевтың Жолдауда бизнес қауымдастыққа экономикалық стратегия туралы нақты сигнал бергенін атап өтті.
Мемлекет басшысының қазіргі таңда басты назары инвестиция тартуға бағытталған. Бұл билік пен ірі бизнестің арасындағы қарым-қатынастың қайта жылып келе жатқанын білдіреді.
«Бұл ішкі және халықаралық инвесторларға берілген маңызды белгі. Қазақстан ірі капитал сыртқа шығарылмайтын, керісінше, халықаралық заңдар мен ережелерге сәйкес жұмыс істейтін елге айналып келеді», – дейді саясаттанушы.