Мәжілісте Қазақстанның 2026–2028 жылдарға арналған бюджеті таныстырылды. Ertenmedia қай салаға қанша қаржы бағытталатынын егжей-тегжейлі тарқатып берді.
Қаржы министрлігінің болжамынша, 2026 жылы республикалық бюджеттің кірісі 23,1 трлн теңгеге жетіп, дефицит ЖІӨ-нің 2,5 пайызынан аспайды. Ал 2028 жылға қарай тапшылықты 0,9 пайызға дейін төмендету көзделіп отыр. Жалпы бюджет шығындары 27,7 трлн теңге көлемінде бекітілген, бұл биылғыдан 2 трлн теңгеге көп.
Бюджет қаржысының қайда жұмсалатынына тоқталсақ, Президент бастамаларына 285 млрд теңге, мемлекеттік қарызға қызмет көрсетуге 3,5 трлн теңге, өңірлерге субвенция ретінде 5,1 трлн теңге, ал төтенше жағдайлар мен күтпеген шығындарға 500 млрд теңге резервке салынады.
Қаржы вице-министрі Абзал Бейсенбекұлының айтуынша, үкімет бюджетті Ұлттық қордан трансферттерсіз, яғни өз қаражатымен теңдестіруге тырысқан.
«2026 жылға бастапқыда ұсынылған шығындар көлемі 36,2 трлн теңге болған, бірақ біз тек ең маңызды деген бағыттарды қалдырып, жалпы шығынды 27,7 трлн теңгеге дейін қысқарттық. Нәтижесінде негізгі шығындар үлесін 15 пайыздан 12,3 пайызға төмендеттік», – деді ол.
Қызығы сол бюджетте биылдан бастап Президент бастамаларына арналған арнайы қор пайда болды.
Шілде айында үкімет жаңа тәртіпті бекітіп, бюджет табысының 3 пайызына дейінгі соманы осы қорға салуды ұйғарған.
Механизм былай жұмыс істейді: Президент тапсырма береді, мемлекеттік орган Қаржы министрлігіне өтініш жолдайды. Министрлік 5 күн ішінде қарап, Президент әкімшілігі мақұлдағаннан кейін үкімет арнайы қаулымен қаржыны бөледі. Егер қаржы жыл соңына дейін игерілмесе, бюджетке кері қайтарылады.
Әлемжелідегі жұрт қордың ашықтығы мен әділдігіне қатысты қазірден бастап сұрақ қойып жатыр. Кейбір сарапшылар қор биліктің саяси ықпал ету құралына айналуы мүмкін деп қауіптенеді.