Талдықорған төрінде өткен «BIKEN FEST ІІІ» халықаралық фестивалі Жетісу жұртшылығы мен өнерсүйер қауымға үлкен әсер қалдырды. Бес күн бойы сахнада қазақ пен шетелдік театрлардың қойылымдары сахналанып, өнердің құдіреті мен драматургияның тереңдігі айқын көрінді.
Фестиваль биыл Бикен Римова атындағы театрдың 50 жылдығымен тұспа-тұс келіп, бұл мерекенің салмағын тіпті де арттырды. Қатысушы тоғыз театр түрлі номинациялар бойынша бақ сынап, ең үздік аталымдарға ие болды. Бас жүлдені иеленген Абай облыстық қазақ музыкалық драма театрының «ебек» спектаклі көрермен жүрегін баурап, әділқазылардың жоғары бағасына ие болды.Абай айтқан Еңлік-К
Фестиваль тек марапаттау рәсімімен ғана емес, сахнадағы әрбір көрінісімен, актерлердің жанкешті еңбегімен ерекшеленді. Ә. Мәмбетов атындағы мемлекеттік драма және комедия театры «Чарли Чаплин» спектаклі арқылы «Үздік пластикалық режиссура» номинациясын иеленсе, Ақмола облыстық драма театрының актері Төлеубек Көңбай «Ең үздік ер адам бейнесі» аталымын жеңіп алды. Әзербайжан актрисасы Оксана Расулова «Бейтаныс әйелдің хаты» қойылымындағы шынайы бейнесімен «Ең үздік әйел рөлі» марапатына лайық деп танылды. Өзбекстанның Бұхара мемлекеттік музыкалық драма театры «Үздік актерлік ансамбль» номинациясын, ал Қырғызстан мен Грузиядан келген өнерпаздар да өздерінің кәсіби шеберлігін көрсетіп, жүлделі аталымдардан тыс қалмады.

Қазылар алқасы да бұл жолы ерекше құрамда болды. Қазақстанның халық әртісі, Мемлекеттік сыйлықтың иегері Досхан Жолжақсынов бастаған өнертанушылар мен шетелдік сарапшылар әр қойылымды талдап, актерлердің шынайы бейнелеуіне, режиссерлік батыл шешімдерге, сахнаның көркемдік безендірілуіне баға берді. Олар айтқандай, әрбір театр өз ерекшелігімен көзге түсіп, қазақ сахна өнерінің болашағына сенім ұялатты.
«BIKEN FEST» бүгінде жай ғана өнер фестивалі емес, халықты рухани тұрғыда біріктіретін, мәдениет арқылы достықты бекемдейтін үлкен алаңға айналды. Қатысушы театрлар бір-бірінен үйреніп, тәжірибе алмасты, көрермендер үшін шынайы қуаныш сыйлады. Бұл – театрдың әлі де қоғамдағы орнын жоғалтпағанын, керісінше, күн сайын жаңа тыныс алып келе жатқанын көрсететін құбылыс. Досхан Жолжақсынов айтқандай, заманауи режиссерлердің батыл шешімдері мен актерлердің шынайылығы – қазақ сахна өнерінің жаңа белесін айқындайды.
Фестивальдің мәні – тек жеңімпаздарды анықтау емес, сахнадағы әрбір қойылымнан халықтың жанын тербейтін шындықты табу. Өнердің қоғамдағы маңызы дәл осындай сәттерде айқын сезіледі. Жетісуда өткен бұл мереке ұлт руханиятына серпін беріп, мәдениетіміздің өрісін кеңейтті.