«Жасыл даму» компаниясының Kcell акцияларын сатып алуы халықты наразылығын тудырды. Әуелгіде мемлекет «Роптың» ізбасары ретінде құрған бұл компанияға утильалымнан түскен қаражатты тиімді жұмсап, елімізде ескі көліктерді қайта өңдейтін зауыттар салу міндеті жүктелген еді. Халықтың қалтасынан миллиондап жиналған қаржы өндіріс орындарына бағытталады деп күткен еді. Бірақ арада бірнеше жыл өтсе де, көзге көрінетін бірде-бір толыққанды зауыт бой көтерген жоқ. Керісінше, компания уақытша «бос қаржыны» (өздері солай деп атапты) «тиімді пайдалану» деген сылтаумен Kcell акцияларын сатып алғанү Бұл жайт халықтың ашу-азасын туғызуда.
Қарапайым азаматтар көлік сатып алып, утильалым төлегенде қаражатты «Жасыл даму» компаниясы Kcell-дің акциясына салады деп ойламаған жоқ. Бұл әрекетті халықтың сеніміне жасалған қиянат, құрметсіздік ретінде қабылдауымыз керек.
«Жасыл даму» менеджменті мұны ақтау үшін: «Компания заңды тұрғыда Kcell-дің акционері емес, тек уақытша кепілге беру тетігі пайдаланылды. Бұл Қазақстан заңнамасына сәйкес жасалған кері РЕПО келісімі ғана, мұнда уақытша бос қаражат өтімді бағалы қағаздарға салынып, белгіленген мерзім өткен соң қайтарылады», – деп түсіндіріп әлек. Алайда бұл ақталу халықтың күдігін сейілтпесі анық.
Қазір жұрттың көкейінде сұрақ көп. Неге бұл қаражат өндірісті өркендетуге жұмсалмайды? Неге әлі күнге дейін елімізде бірде-бір тиімді көлікті утилизациялайтын зауыты салынған жоқ?
«Жасыл даму» болса 87,3 миллиард теңгеге тұрмыстық қатты қалдықтарды қайта өңдеудің 20 жобасын қаржыландырғанын айтып қалды. Бірақ қарапайым халық сол жобалардың нәтижесін көріп отырған жоқ.
Егер қазір елімізде қоқыс өңдейтін 20 зауыт дүрілдеп іске кіріссе, ел ішінде қоқыс үйліп жатпас еді. Осы ретте қоқыс өңдеу жұмыстары шынайы деңгейде жүріп жатыр ма, әлде тек қағаз жүзінде ме деген заңды сұрақ туындайды.
Әдетте біздің даму компаниялар кең аумақты қоршап, ішіне темір-терсек жинап, күзет қойып қоюды зауыт салдық деп қабылдайтынын жақсы білеміз. Сондықтан «Жасыл даму» қаржыландырған 20 жобаға тәуелсіз зерттеу жүргізу керек!
2022-2024 жылдары ұйым республикалық бюджетке 135,4 миллиард теңге көлемінде салық пен дивиденд аударғанын мақтанышпен жария етіпті. О баста «Жасыл даму» құрылғанда оған бюджетке қаржы құю міндеті жүктелген жоқ. Оның басты мақсаты – экологиялық жобаларды іске асыру болатын. Сондықтан компанияның мұны «жетістік» ретінде көрсетуі қисынсыз. Сол сияқты жалпы әкімшілік шығындардың 1%-дан аспайтынын алға тартып, жұмысын тиімді етіп көрсеткісі келуі де шынайы жағдайды бүркемелей алмайды.
Осы жайттың барлығы компания менеджментінің өз міндетіне немқұрайлы қарайтынын, халық сенімін ақтамағанын көрсетеді. Егер жағдай өзгермесе, бұл ұйымды тарқатып, міндетін тікелей салық органдарына жүктеген дұрыс. Өйткені салық органдары халықтан жиналған қаржыны бірден қазынаға аударып, артық шығынсыз, қосымша штатсыз-ақ бұл жұмысты тиімді атқаратыны белгілі.
Қорыта айтқанда, «Жасыл дамудың» қазіргі жағдайы – басқару мәдениетінің кемшілігі мен ел алдындағы жауапкершілікті сезінбеудің көрінісі.
Нұрлан ЖҰМАХАН