Теңгенің долларға шаққандағы бағамы жыл соңына дейін 541-547 теңге аралығында тұрақтайды деп хабарлайды Ertenmedia.
ВСС Invest сараптамалық департаментінің директоры Сұлтан Жұмағали ұлттық валютаның алдағы айларда күрт құнсыздануы болмайтынын айтады. Сарапшының базалық болжамына сүйенсек, теңге бағамы желтоқсан айының соңында 547 теңге шамасында сақталады.
«Қазірдің өзінде доллар бағамы 540 теңгеге жетті. Жыл соңына дейін осы деңгейде тұрақтайды. Базалық сценарий бойынша, жаңа жыл қарсаңында бағам 547 теңгеден аспайды. Доллар құнының 550-560 теңгеден жоғары көтерілуі екіталай. Әрине, нарықта теріс сценарий де бар. Ол жағдайда теңге 570-ке дейін әлсіреуі мүмкін. Бірақ мұндай жағдайдың ықтималдығы аз», – деді сарапшы.
Жұмағалидың айтуынша, теңгенің күрт әлсіреуіне жыл соңында инфляцияның жеделдеуі ықпал етуі мүмкін. Бұған импорттық тауарлардың қымбаттауы және әлемдегі геосаяси шиеленістер де қосымша себеп болуы ықтимал.
Сарапшы жыл аяғына дейін Ұлттық банктің базалық мөлшерлемені көтеруі мүмкін екенін де атап өтті. Қазір ол 16,5%-ды құрайды.
«Көпшілік бұл пікірді қолдамас, бірақ біздің болжамымыз бойынша, базалық мөлшерлеме 17%-ға дейін өседі. Ұлттық банк инфляцияның жоғарылауына қарап, оны тежеуге әрекет етеді деп күтеміз», – деді ВСС Invest өкілі.
Айта кетейік, бұған дейін Freedom Holding Corp басшысы Тимур Турлов қазіргі жағдайда базалық мөлшерлемені көтеру инфляцияға айтарлықтай әсер ете қоймайды деген пікір білдірген еді.