Еуразиялық экономикалық комиссия (ЕЭК) ЕАЭО елдері үшін жанармай өнімдерін сырттан әкелуге салынатын баж салығын 2026 жылдың маусым айына дейін алып тастады. Мұның астарында үлкен саяси және өндірістік есеп жатыр. ЕЭК ресми түрде мұны «маусымдық сұраныстың артуына және өндірістің уақытша төмендеуіне байланысты нарықтағы тепе-теңдікті сақтау» мақсатымен түсіндірген болды. Алайда, бұл шешім Еуразия кеңістігінде мұнай өнімдерінің ағынын түбегейлі өзгертуі мүмкін, – деп жазад Ertenmedia.kz
Бір қарағанда, бұл жаңалық ЕАЭО елдеріндегі автокөлік жүргізушілер мен тұтынушылар үшін тиімді көрінеді. Арзан импорттың арқасында бензин мен дизель бағасы тұрақтануы мүмкін.
Бірақ мұның екінші жағы бар – бұл жеңілдіктен ең көп пайда көретін елдің аты белгілі. Ол – Қытай. Қазір тек Қытай ғана импортталған мұнайды өңдеп, одан авиаотын, дизель және бензин шығарып, қысқа мерзімде Еуразия нарығына жеткізе алады. Демек, «арзанға әкеліп сату» деген шешімнің нақты бенефициары – Бейжің.
Қытайдың энергетикалық стратегиясы ұзақ жылдар бойы жоспарлы түрде жүргізіліп келеді. Олар мұнайды өздері өндірмесе де, оны өңдеу саласын әлемдегі ең қуатты деңгейге жеткізді.
Қытайлық зауыттар тәулігіне 17 миллион баррельге дейін мұнай өңдей алады. ЕАЭО елдерінің бәрін қоса алғандағы көлемнен бірнеше есе көп. Сондықтан ЕЭК шешімі Қытайдың мұнай-химия өнімдерін біздің нарыққа кедергісіз өткізуге жол ашары сөзсіз. Бұған дейін де Қазақстан мен Ресей Қытай отынының жанама түрде Еуразия кеңістігіне еніп жатқанын байқап келген. Енді бұл процесс заңдастырылған сипатқа ие болды.
Қазақстан үшін бұл шешімнің салмағы ерекше. Біздің үш негізгі мұнай өңдеу зауытымыз – Атырау, Павлодар және Шымкент елдің ішкі сұранысын толық қамтамасыз ете алмай отыр. Әсіресе көктемгі егіс және жазғы тасымал маусымында тапшылық сезіледі.
Осы кезде сырттан арзан өнім әкелуге рұқсат беру қысқа мерзімде тиімді шешім болуы мүмкін. Бірақ ұзақ мерзімде бұл ішкі өндірісті тұсап, отандық мұнай өңдеуді инвестициясыз қалдырады. Кім жаңа зауыт салады, егер сырттан әкелген бензин өзімізден арзан болса?
Бүгінде Қазақстан шикізатты көп экспорттайды, бірақ дайын өнімді аз өндіреді. Ал дайын өнімнің бағасы әрдайым жоғары. Егер біз мұнайды сатамыз да, кейін өзіміз сол мұнайдан жасалған бензин мен авиаотынды қайта сатып алатын болсақ, үлкен ұтылыс болары сөзсіз. ЕЭК шешімі осындай тәуелді күшейтіп отыр.
Қазірдің өзінде кей сарапшылар «бұл – Қытайдың энергетикалық экспансиясының жұмсақ формасы» деп бағалап отыр. Себебі көршілес ел энергетикалық өнімдерін экспорттау арқылы Еуразия нарығында тұрақты орын алуға мүмкіндік алады. Бұл тек экономикалық емес, стратегиялық ықпал да. Мұнай өнімдері арқылы логистика, сауда, тіпті қаржы саласында да Қытайдың рөлі арта түседі.
ЕЭК шешіміне Ресейдің десі басым болғанымен, оның өзі соңғы айларда ішкі мұнай өңдеу дағдарысын бастан кешіп отыр. Бірнеше зауыт соққыға ұшырап, өндіріс көлемі қысқарды. Ал Қытай үшін бұл жаңа мүмкіндік. Олар Ресей мұнайын арзанға алып, өз зауыттарында өңдеп, дайын өнімді қайта сата алады.
Қысқа мерзімде ЕАЭО елдері үшін жанармай бағасы төмендеуі мүмкін. Бірақ ұзақ мерзімде мұның салдары ауыр. Әсіресе Қазақстан үшін. Себебі арзан импорт отандық өңдеу саласының дамуына кедергі келтіреді, жаңа зауыт салу идеясы экономикалық тұрғыдан мәнсіз болып қалады. Нарық сыртқы өнімге тәуелді болып, өзіміздің өндірістік қуатымыздың әлеуеті бәсеңдейді.
Егер мұндай саясат жалғаса берсе, 2026 жылдан кейін біз өз мұнайымызды өңдей алмайтын, тек сырттан бензин сатып алатын елге айналуымыз мүмкін. Мұндай сценарий кезінде елдің энергетикалық қауіпсіздігі қатерге ұшырайды. Бұл тек экономика емес, ұлттық қауіпсіздік мәселесі.
Мәселен, Еуропа елдері Ресей мұнайына тәуелділіктен құтылу үшін бірнеше жыл қажет етті. Қазір олар қайта өңдеу зауыттарын жаңартып, жаңа логистикалық бағыттар ашып жатыр. Біз де дәл осындай стратегияға көшуіміз қажет. Әйтпесе, «арзан бензин» саясаты болашақта қымбат сабаққа айналуы мүмкін.