Астана қаласындағы № 103 мектепте 8-11 сынып оқушыларына арналған «Білім берудегі инновациялар» қалалық STEM олимпиадасы өтіп жатыр, деп хабарлайды Ertenmedia.kz Астана қаласы әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Олимпиаданың мақсаты оқушылардың ғылымға, технологияға, инженерия мен математикаға деген қызығушылығын арттыру, зерттеу дағдыларын дамыту және дарынды жастарды қолдау.
Іс-шараны Астана қаласының әкімдігі мен «Aстана Innovations» АҚ ұйымдастырып, «Дарын» республикалық ғылыми-практикалық орталығының, «Астана дарыны» дарынды балалар мен таланты жастарды анықтау және қолдау орталығының, Астана қаласының білім басқармасының және «STEM Academia» ЖШС қолдауымен өткізілді.
STEM олимпиадасын ұйымдастырушылардың бірі Мағжан Қыстаубаев бұл байқаудың балаларға не үшін керек екенін түсіндіріп берді.
– Біздің олимпиадамыз үлкен мұхитқа алып баратын тау бұлағы іспетті. Мұхит, ол – жаңа технология мен ғылым саласы, робототехника. Әрине, бұл балалардың бәрі жаңалық ашып кетпеуі мүмкін, бірақ олардың арасындағы отандық ғылымға үлес қосатын балалардың қызығушылығын арттырамыз деп ойлаймын. Мысалы, былтыр қатысқан оқушыларымыз Назарбаев университетінде, шетелдік жетекші университеттерде білім алып жатыр, – деді ол.
Ұйымдастырушының сөзінше, олимпиада биыл тоғызыншы рет өтіп отыр.
– STEM олимпиадасын 2017 жылдан бері тоғызыншы рет өткізіп отырмыз. STEM олимпиадасы, қарапайым тілмен айтқанда, ғылыми-техникалық өнерпаздық. Бұл жерде оқушылар фундаменталды білім тұрғысынан ғана емес, инженерлік көзқараспен қарап, шешім қабылдау арқылы тапсырмаларды орындайды. Былайша айтқанда, теориялық білімін практика жүзінде іске асырады. Яғни, оқушылардың техникалық пәндерге қызығушылығын арттыру арқылы сол салаға жетелейтін қадам. Мысалы, инженерия тапсырмаларын орындаған кезде қатысушы физиканың заңдылықтарын қолданып отырады, – деді ол.

Бүгінгі байқаудан жеңіп шыққан сегіз команда Италияның Рим қаласына барады. Ал былтырғы жеңімпаздар Барселонаға барып келді.
– Балалар бағдарламалау, инженерлік механика, робототехника, 3D-модельдеу бойынша тапсырмалар орындайды. Мысалы, биылғы тапсырмалардың бірі — ұшатын ракета жасау. Яғни А нүктесінен В нүктесіне жетуі керек. Ол жерде химиялық реакция, физика заңдылықтары сақталуы қажет, – деді Мағжан Қыстаубаев.
Былтыр осы олимпиаданы командасымен бірге жеңіп, Барселонаға барып келген Айша Темірхан қазір Назарбаев университетінде робототехника мамандығы бойынша білім алып жатыр. Бүгін өзі сайыста төреші болып жүр.
– 10-сыныпта бірінші рет осы олимпиада туралы естіп, қатыстым. Бірақ ол кезде маған бұл бағыттағы білім жетіспеді. Сондықтан инженерия, робототехника туралы кеңінен оқып біліп, 11-сыныпта қайтадан қатыстым. Осылайша біз командамызбен бесінші орын алып, Барселонаға аттандық. Мен осы олимпиадаға дейін робототехника туралы хабарым да, қызығушылығым да болмаған еді. Немен айналысатынымды, болашақта өзімді қай салада көретінімді білмеген едім. Олимпиада маған мамандық таңдауда бағыт-бағдар берді, – деді Айша.
Олимпиадаға 200-ден астам оқушы қатысып, робототехника, бағдарламалау, инженерия және 3D-модельдеу бағыттарында өз дағдыларын сынады.