Қарағандыда Республика күніне орай «SARYARQALAB: AQYL.DAMU.QADAM» атты ауқымды жастар форумы өтті. Іс-шара жас буынның цифрландыру мен жасанды интеллектке қызығушылығын арттыруға, экологиялық мәдениетті қалыптастыруға және Әділетті Қазақстан идеясын қолдайтын жаңа буынды тәрбиелеуге бағытталды, деп жазады Ertenmedia.kz.
Форумды «AMANAT» партиясының Қарағанды облыстық филиалы ұйымдастырды. Жиынға 600-ден астам белсенді жастар қатысты. Олардың қатарында жоғары оқу орындары мен колледж студенттері, сондай-ақ өңірдің түрлі қалалары мен аудандарынан келген жас көшбасшылар бар.
Бағдарламада экскурсиялар, шеберлік сабақтары, тренингтер және жасанды интеллект пен цифрлық технологияларға арналған сессиялар өтті. Қатысушылар жаңа идеялармен танысып, тәжірибе алмасуға мүмкіндік алды.
Форум жұмысына облыс әкімі Ермағанбет Бөлекпаев қатысып, жастардың өңір дамуындағы рөлін атап өтті. «Жастар – экономиканың қозғаушы күші. Сіздер цифрлық технологияларды меңгеріп, жаңа ой қалыптастырып жатқан буынсыздар. Мемлекет сіздерге барлық мүмкіндік жасап отыр», – деді ол.
«Жастар Рухы» жастар қанатының төрағасы Ақерке Искандерова форумның елдегі реформалармен сабақтас екенін айтты. «2029 жылға дейін 2,3 миллион жасты жұмыспен қамту міндеті қойылған. Біз жастарды кәсіби тұрғыда дамытуға және азаматтық белсенділікті арттыруға бағытталған жүйелі жұмыс жүргізіп келеміз», – деді ол.
Форумда жасанды интеллект мәселесіне ерекше назар аударылды. Сарапшылар бұл технологияның экономика мен білім саласын түбегейлі өзгертетінін атап өтті. Жастарды тек технологияны тұтынушы емес, оны жасаушы деңгейіне көтеру қажеттігі айтылды.
«AMANAT» партиясы облыстық филиалының төрағасы Бекзат Алтынбеков цифрлық жобалар туралы мәлімет берді. Оның айтуынша, «Цифрлық қоғам», «Кибер Тұмар» және жер қатынастарына арналған геосервис секілді бастамалар іске асырылып жатыр.
Форум барысында сарапшылар нақты тәжірибелерімен бөлісті. IT саласының мамандары стартап дамыту, креативті индустриялар және цифрлық экожүйелер туралы баяндады. Қатысушыларға өңірлік IT-хаб мүмкіндіктері таныстырылды.
Жиынның тағы бір бағыты – экологиялық тәрбие болды. «Жасыл ел» қозғалысының өкілдері табиғатты қорғау әр жастың жауапкершілігі екенін атап өтті. Форум соңында белсенді қатысушылар марапатталып, жас кәсіпкерлерге арналған гранттар табысталды. Бұл қолдау инновациялық және әлеуметтік жобаларды іске асыруға бағытталған.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, мұндай алаңдар жастардың әлеуетін ашуға және ел дамуына үлес қосатын жаңа буынды қалыптастыруға мүмкіндік береді.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







