Орта Азия жөніндегі сарапшы Әркадий Дубнов Финляндия президенті Александр Стуббтың Астана сапарына қатысты пікір білдірді деп хабарлайды Ertenmedia.
Айтуынша, осынау сапар аймақтағы жаңа саяси бағыт-бағдарды айқындауға түрткі болады. Саясаттанушы Стуббтың 2024 жылы президент бола сала, Украинаға басып кірген Кремль көсемімен кездеспейтінін ашық мәлімдегенін еске салыпты.
«Путиннің агрессиясы Финляндияның НАТО-ға мүше болуын жеделдетті», — дейді сарапшы.
Дубновтың пікірінше, Тоқаев пен Стуббтың бірлескен мәлімдемесінде Мәскеудің қытығына дейтін аспектілер бар.
«Әлгі мәлімдемеде «Украинада жан-жақты, әділ әрі берік бейбітшілікке тезірек қол жеткізу маңызды» деген тармақ бөле-жара көрсетілген. Ресейдің Еуразиялық одақ аясындағы серіктерінің арасында басқыншылыққа қатысты Батыс елдерімен ұқсас позицияны ұстанып отырған жалғыз мемлекет Қазақстан екенін ерекше атап өткім келеді», – дейді ол.

Стуббтың өзі Тоқаевпен кездесуде Ақорданың пікірі мен позициясын еуропалық әріптестерге жеткізетін делдал рөлін атқаруға әзір екенін айтқан. Хелсинки мен Астананың арасында көпір орнаса, бұдан екі тарап та ұтылмайды.
«Қазақстан Ресеймен де, Қытаймен де шектесіп жатқан ел. Финляндия мен Қазақстан орта деңгейдегі мемлекет ретінде әлемдегі ірі державалар арасында араағайын бола алады», – дейді Стубб.
Дубновтің пайымынша, Стубб сапарының экономикалық астары да бар.
Батыс елдері Мәскеуге алақанға жайғысы келмей, оған балама болатын энергікөздерді іздеуде. Астанаға аяқ басқан Стубб өзін еркін ұстады, ашық сөйлесті. Еуропаның Қазақстанға неліктен қызығып отырғанын күлбүлтелемей жеткізді.
«Ақыл-есі түзу елдер ресейлік газ бен мұнайдан біртіндеп бас тартып жатыр. Импорт көлемі 80 пайыздан астам қысқарды. Осы жағдайда Қазақстанның рөлі ерекше өсіп отыр», — деп түсіндірді Финляндия президенті.
Тараптар кездесуде энергі саладағы маңызды минералдар бойынша әріптестікті талқылады. Қазақстан Еуропаға титан, бериллий, тантал экспорттап отыр. Сондай-ақ графит өндіру бойынша бірлескен жобаны жоспарлауда.
«Стубб осы жолы Астанаға Еуроодақ өкілі ретінде келді. Қазақстан мен ЕО арасындағы жылдық тауар айналымы 50 млрд долларды құрайды. Бұл Қытай мен Ресейден де көп көрсеткіш. Орта Азия мен ЕО арасындағы тауар айналымы 55 млрд доллар болса, соның 90 пайызы Қазақстанның үлесінде», – дейді Дубнов.
Сапар соңында Стубб журналистермен кездесіп, финдердің әлемдегі ең бақытты ел атануының «құпиясымен» бөліскен.
«Бақыттың кілті қоғамдағы сенім мен қауіпсіздік, табиғатпен тығыз байланыс және сапалы білім. Бақытқа жету үшін ракета мен сүңгуір қайықтың қажеті жоқ», – деп түйіндепті Дубнов.
Финляндия басшысы Астанаға ресми сапармен екі күн бұрын келген. Ақордадағы кездесуде президенттер екі ел арасындағы экономикалық байланысты нығайту, уран жеткізу мәселесі және жаңа инвестициялық жобаларды талқылаған.
Тұшымды контентті Ertenmedia-ның телеграм арнасынан оқыңыз.

