Қазақстан экономикасы біртіндеп шикізатқа тәуелді модельден өңдеу өндірісі мен технологияға негізделген жаңа құрылымға бет бұрып отыр. Соңғы жылдары инвесторлар өнеркәсіп, логистика және жоғары технология бағыттарына белсенді қаржы сала бастады, деп жазады Ertenmedia.kz.
Бұл өзгерістің өзегінде Сыртқы істер министрлігінің Инвестициялар комитеті мен «Kazakh Invest» ұлттық компаниясы тұр. Олар «бір терезе» қағидасымен жұмыс істеп, инвесторларға жобаны таңдаудан бастап іске асыруға дейін толық сүйемелдеу көрсетеді.
Соңғы үш жылда Қазақстан 69 млрд доллардан астам тікелей шетелдік инвестиция тартты. Оның шамамен 20 пайызы өңдеу өнеркәсібіне бағытталған. Бұрын бұл көрсеткіш 14 пайыз деңгейінде болған. Демек, экономика құрылымы өзгеріп, әртараптандыру үдерісі нақты нәтиже бере бастады.
Қазақстан Орталық Азиядағы инвестициялардың 60 пайыздан астамын өзіне тартып, өңірлік көшбасшы мәртебесін сақтап отыр. 2024 жылы ғана елге 15,7 млрд доллар жаңа жобалар келген, бұл бір жылда 88 пайыздық өсім.
Елдің инвестициялық тартымдылығын халықаралық рейтингтер де растап отыр. Moody’s агенттігі Қазақстанның рейтингін Baa1 деңгейіне көтерсе, IMD рейтингінде ел әлемнің ең бәсекеге қабілетті 35 экономикасының қатарына енді.
Инвестициялар географиясы да кеңейді. АҚШ, Еуропа, Қытай және БАӘ негізгі серіктестер қатарында. Бүгінде Қазақстанда 630-дан астам америкалық компания жұмыс істейді. Олардың қатарында Chevron, ExxonMobil, Wabtec, PepsiCo, GE Healthcare секілді ірі корпорациялар бар.
Сонымен қатар Meta, Amazon, OpenAI және NVIDIA компаниялары цифрлық инфрақұрылым, жасанды интеллект және байланыс технологиялары бағытында жобаларға қатысуда.
Инвестициялық саясаттың басты ерекшелігі – нақты нәтижеге бағытталуы. Қанша кәсіпорын іске қосылды, қанша жұмыс орны ашылды, бюджетке қанша түсім түсті – осы көрсеткіштер негізгі өлшемге айналды.
Инвестициялар комитетінің төрағасы Ғабидолла Оспанқұловтың айтуынша, соңғы екі жылда жалпы сомасы 2,3 млрд доллар болатын 65 жоба қолдау тапқан. Елдің стратегиялық мақсаты – 2029 жылға дейін 150 млрд доллар инвестиция тарту.
Қазір агроөнеркәсіп саласында қайта өңдеу бағытына ерекше назар аударылуда. Қазақстан шикізатты көп өндіргенімен, өңдеу деңгейі төмен болған. Осы олқылықты жою үшін 6 млрд доллардан астам инвестициялық келісімдер жасалды.
Контекст
Тағы бір маңызды жаңалық – «инвестицияға тапсырыс» механизмі. Енді өңірлер өз қажеттіліктеріне қарай нақты жобалар ұсынады. Мысалы, агроөңдеу, құрылыс материалдары немесе логистика саласы бойынша сұраныс қалыптастырады. Ал «Kazakh Invest» сол бағытқа инвестор тартады.
2025 жылы 13 млрд доллардан астам келісімдерге қол қойылды. Олардың қатарында «Бейнеу – Бозой – Шымкент» газ құбырының екінші желісі, QazaqArab Sugar зауыты және ірі индустриялық парктер бар.
Алдағы негізгі алаң – 31 қазанда өтетін Kazakhstan Global Investment Roundtable (KGIR-2025) форумы. Бұл жиында әлемдік қаржы институттары мен ірі компаниялар қатысып, шамамен 7,5 млрд доллар болатын 50-ге жуық келісімге қол қойылады.
Бұл жобалардың басты ерекшелігі – жай инвестиция тарту емес, қосылған құнды арттыратын өндірістерді дамыту. Яғни Қазақстан жаңа экономикалық модельге көшіп, тұрақты өсімнің негізін қалыптастырып жатыр.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







