Мәжіліс депутаты Абзал Құспан Қазақстанда тоқал алуды заңдастыруды ұсынды, деп хабарлайды Ertenmedia.
Журналист Ербол Сейілханға берген сұхбатында депутат елде көп әйел алуға ресми тыйым болғанымен, ауқатты азаматтардың арасында осы құбылыстың кең тарағанын айтты.
«Заң жүзінде тыйым салынғанымен, іс жүзінде елде екінші, тіпті үшінші-төртінші әйел алған азаматтар жетерлік. Бұлар тек мемлекеттік қызметкерлер емес, қарапайым қалталы жігіттер де солай өмір сүріп жатыр. Демек, заңның қауқары жоқ, ешкім тыйымға мән бермейді», – деді Құспан.
Депутаттың өзі көп әйел алуға қарсы екенін, алайда осы бір әлеуметтік құбылысты заңмен реттеу қажет екенін жеткізді.
«Жеке көзқарасым бойынша көп әйел алуға қарсымын. Бірақ сіз бен біздің қарсы болғанымыздан бұл құбылыс жойылмайды. Заң жұмыс істемей тұр. Сондықтан тоқал институтын ресми түрде заңдастырып, шеңберін айқындап берген дұрыс. Әйтпесе, тыйымның өзі құр формализмге айналып, азаматтар оны елемейтін болды», – деді депутат.
Абзал Құспанның пікірінше, ер адамдардың біразы, әсіресе дін жолын ұстанатындар, көп әйел алуды қолдайды. Дегенмен қазіргі жағдайда бұл көбіне дәстүрге емес, жас қыздарға «аңшылыққа» ұқсап кеткенін де жасырмады.
Айта кетейік, Қазақстанда көп әйел алуды бейресми қолдағандардың бірі Нұрсұлтан Назарбаевтың өзі. Ол екінші әйелі Әсел Құрманбаевадан екі ұлы бар екенін «Менің өмірім» атты естелік кітабында егжей-тегжейлі жазған болатын.
«Бірде Талдықорғанға жолым түсті. Өңірлерге жұмыс сапары кезінде мемлекет басшысын ұшақ баспалдағынан гүлмен күтіп алады. Мұндай салтанатты шара үшін жергілікті қыздардың ішінен ең әдемілерін таңдайды. Әдемі шара, бұған біз де үйреніп қалғанбыз. Көз қуанып, жаның жылынады.
Бірақ осы жолғы жағдай қатты әсер қалдырды. Маған гүл ұсынған қыз ерекше сұлу еді. Жанары жанып тұрған құлынмүсін аққұба сұлуды біраз уақытқа дейін ойлап жүрдім…
Біз мұсылман дәстүрі бойынша некемізді қидық. Әсел маған екі ұл туып берді. 2005 жылы Тауман өмірге келді, 2008 жылы Бәйкен туды», – деп жазған еді экс-елбасы.
Тұшымды контентті Ertenmedia-ның телеграм арнасынан оқыңыз.

