«Алматы-Өскемен» күрежолының бойында орналасқан Сарқан ауданында жақсы және қанағаттанарлық жағдайдағы жолдардың үлесі биыл 73%-ға жеткізіледі, – деп хабарлайды Ertenmedia.kz Жетісу облысы әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Сарқан ауданының әкімі Ғалымжан Маманбаевтың Өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында өткен брифингідегі мәліметтеріне қарағанда, «Алматы-Өскемен» автомобиль жолының Сарқан ауданын басып өтетін 325-410 шақырымдық учаскесіндегі негізгі құрылыс -монтаждау жұмыстары толық аяқталған.
Алмалы, Абай, Бақалы, Қойлық, Қарабөгет ауылдарына кіреберіс жолдар жарықтандырылып, жол жиектерін қоршау жұмыстары бітуге таяды. Жол таңбаларын салу, жол белгілерін орнату, трассаны кешенді абаттандыру және пайдалануға беру келесі жылға жоспарланып отыр.

Ол сөз сөзінде облыстық маңызы бар жолдар «Лепсі-Төлебаев-Құрақсу-Матай» жолындағы көпір күрделі жөндеуден өткізіліп, қолданысқа берілгенін де атап өтті. Балқашқа апаратын «Алматы – Өскемен – Лепсі – Ақтоғай» автожолының 105 км учаскесіндегі 30 шақырымға бүгінгі таңда екі қабат асфальт жамылғысы, 75 шақырымына шағыл тасты-мастикалық асфальт төселген. Қарабөгет ауылына кіреберіс жолға асфальт төселіп, жол белгілері орнатылды.
– Биыл Сарқан қаласындағы М.Өтемісұлы, И.Тайманұлы және Ш.Қалдаяқов, Ғ.Мүсірепов, М.Төлебаев, Т.Тоқтаров және ДЭУ көшелеріне, Бірлік ауылындағы Жансүгіров және Чепрасов көшелеріне, Бақалы ауылындағы Арын көшесіне – жалпы ұзындығы 11 км болатын жолдарға орташа жөндеу жұмыстары аяқталуда. Аталған жобаларды іске асыру нәтижесінде аудандағы жақсы және қанағаттанарлық жағдайдағы жолдардың үлесін 298,6 шақырымға, яғни 73%-ға жеткізу жоспарланып отыр, – дейді Сарқан ауданының әкімі Ғалымжан Маманбаев.

