Маңғыстау облысында Республика күні қарсаңында «Таза Қазақстан» экологиялық акциясы ерекше қарқын алды. Президент бастамасымен қолға алынған бұл қозғалыс жай сенбілік емес, елдік сана мен қоғам мәдениетін қалыптастыратын азаматтық жауапкершілікке айналып келеді. Өңірдің түкпір-түкпірінде көшелер тазаланып, тал егіліп, қоқыс шығарылып қана қоймай, тұрғындар арасында табиғатты аялаудың маңызы түсіндіріліп жатыр. Туған жерді қорғау күнделікті әрекетке айналуы тиіс деген ой халықтың көңіліне берік орныға бастады, деп жазады Ertenmedia.kz.
25 қазан Республика күні жақындаған сайын Маңғыстау облысында тазалық жұмыстары тұрақты ұйымдастырылып, оқушылар мен жастарға экологиялық мәдениет түсіндірілуде. Мектептер мен кәсіпорындар челленджге қатысып, «таза қала – ортақ міндет» деген ұстанымға үндеп отыр. Біреуі қоқыс жинаса, екіншісі ағаш отырғызды, үшіншісі ауланы абаттандырды. Осындай ортақ іс қоғамның үндемеген тәрбиесі. Сөз емес, іс сөйлейтін халықтың тынысы сезіледі.
Коммуналдық қызмет мамандары да мерекеге дайындық барысында күндіз-түні жұмыс жүргізді. Тазалық тек әкімдікке қарасты шаруа деген түсініктен алыстап келеміз. «Мен тұрған қала таза болса, қабырғасы қорғандай сезіледі» дейтін пікірлер көбейіп отыр. Бұл экологияның саяси маңызға ие болып келе жатқанының белгісі.
Акция аясында өткізілетін іс-шаралар тек қоқыс жинауға емес, табиғатты сақтау мәдениетін қалыптастыруға бағытталуда. Жасыл желекті қорғау, қалдықтарды азайту, энергияны үнемдеу осындай ұғымдар енді сабақтарда ғана емес, күнделікті өмірде айтылып жүр.
Президент бастамасымен басталған қозғалыстың жергілікті деңгейде кең қолдау табуы қоғамда өзгеріске деген сұраныс барын аңғартады. Расында, елді өзгерту үшін бір адамның емес, мың адамның ниеті қажет. Сол ниет Маңғыстауда байқала бастағандай. «Таза Қазақстан» жалғаса берсе, «таза сана» да қалыптаспақ. Әрбір жиналған қоқыс, әрбір егілген тал – ертеңгі ұрпаққа қалатын үнсіз аманат.

