Қазақстанның сыртқы қарызы тарихи максимум деңгейіне жетіп, 172,8 миллиард долларға көтерілді. Бұл ма, бұл ел тарихындағы рекордтық көрсеткіш, деп хабарлайды Ertenmedia.
Ұлттық банк дерегінше, соңғы бір жылда сыртқы қарыз көлемі 3,6%-ға өсіп, ішкі жалпы өнімнің (ІЖӨ) 59,2%-ын құрады. Halyk Finance сарапшыларының айтуынша, қарыздың күрт өсуіне негізінен мемлекеттік және квазимемлекеттік сектор жауапты. Бір жыл ішінде осы екі сектордың берешегі 8%-ға көбейсе, жеке секторда осы көрсеткіш 2%-ға ғана артқан.
«Дегенмен, жалпы қарыз құрылымында жеке компаниялардың үлесі басым, олардың еншісінде 71% бар», – деп атап өтті сарапшылар.
Сонымен қатар Қазақстандағы сыртқы қарыздың жартысынан астамы, яғни 53,6%-ы фирмааралық займдар. Бұлар негізінен шетелдік компаниялардың Қазақстандағы еншілес ұйымдарына берген несиесі. Мұндай қарыздың шамамен 80%-ы мұнай-газ саласында шоғырланған.
Әзірге Қазақстанның сыртқы қаржылық тұрақтылығын Ұлттық қор мен Ұлттық банктің резервтері қамтамасыз етіп отыр. 2025 жылдың ортасында активтердің жалпы көлемі 112 миллиард долларға жетіп, елдің ІЖӨ-нің 38%-ын құрады. Сарапшылар пікірінше, қазіргі резервтер мемлекеттік сектордың бүкіл қарызын өтеуге жеткілікті.
Дегенмен, сарапшылар қарыз жүктемесі өсе беретін болса, бюджеттің болашақта экономиканы қолдау мүмкіндігі шектелуі мүмкін екенін ескертті.
Осыған дейін Қаржымин Мәди Тәкиев алдағы үш жылда Қазақстан тағы да 24 триллион теңге қарыз алуды жоспарлап отырғанын мойындаған еді. Егер осы жоспар жүзеге асса, 2028 жылы мемлекеттік қарыз екі есеге артып, 57 триллион теңгеге жетуі ықтимал.
Депутат Олжас Нұралдиновтың айтуынша, бу бұрқыраған жаңа қарыздың бір бөлігі ескі берешекті жабуға кетеді, ал қарызды өтеуге жұмсалатын шығындар болашақта білім, қорғаныс және инфрақұрылымға жұмсалатын қаржыдан да асып түсуі мүмкін.
Сонымен қатар қазан айында ел үкіметі сыртқы нарықта тағы 1,5 миллиард доллар қарыз алып, бес жылдық еурооблигацияларды жылдық 4,412% мөлшерлемемен орналастырған болатын.

