Биыл ауылдағы шаруалардың жұмысын жандандыруға ерекше көңіл бөлдінді. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың қолдауымен елімізде алғаш рет көктемгі және күзгі дала жұмыстарына бір жылда 1 трлн теңге бөлінді. Осының арқасында қаражат нақты егістікке, техникағажұмсалып, салада ілгерілеушілік орын алғанын атап айтуға болады. Осылайша биыл елемізде шаруалар жылды алаңсыз өткіздің десек артық айтқандық болмас еді. Осы тақырыпты халыққа кеңінен түсіндіру үшін Ertenmedia.kz тілшілері ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігі жанындағы Егін шаруашылығы департаментінің директоры Назгүл Хатеповамен әңгімелескен еді. Білікті маман мемлекет тарапынан бөлінген қаржат қалай жұмсалғанын ашық айтып берді.
– Назгүл ханым, биылғы 1 трлн теңге көлеміндегі қолдау ауылға бұрын-соңды болмаған сома ретінде айтылып жүр. Бұл қаржы нақты қай бағыттарға жұмсалды?
– Шынымен де, бұған дейін мемлекет бір жылдың ішінде көктемгі және күзгі дала жұмыстарына осыншама көлемде қаражат бөлген емес. Сондықтан бұл шешімді ауыл шаруашылығы еңбеккерлерін қолдаудағы нақты қадам деп санаймыз.
Бөлінген қаржының 700 млрд теңгесі тікелей көктемгі және күзгі дала жұмыстарына бағытталды. Яғни, шаруалар тұқым, жанар-жағармай, тыңайтқыш сатып алуға және маусымдық жұмыстарын уақытында жүргізуге мүмкіндік алды.
Қалған 250 млрд теңге лизингтік бағдарламалар арқылы ауыл шаруашылығы техникаларын жаңартуға жұмсалды. Қазіргі мәлімет бойынша, осы қаражаттың есебінен еліміз бойынша 8,1 млн гектар жерге түрлі дақыл егіліп, өнім жиналып жатыр.
Ал лизингтік желі арқылы 8,5 мыңдай шаруа жаңа техника алу жөнінде келісімшартқа отырды. Бұл ауылдағы техника паркінің жаңаруына үлкен серпін бергенін атап айтуға болады.
– Яғни, бұл қаржының бір бөлігі тікелей өнімге, бір бөлігі техникаға жұмыс істеп тұр ғой?
– Иә, дәл солай. Егер тек тұқым мен жанармайға ғана бағыттасақ, биылғы маусымды алып шығуға болады, бірақ техника ескі күйінде қалар еді. Ал тек техникаға жұмсасақ, шаруаның қолында сапалы тұқым, жанармай, тыңайтқыш жетіспеуі мүмкін. Сондықтан екі бағытты қатар алып жүру маңызды болды.
Біріншіден, биылғы егін науқаны ойдағыдай аяқталсын дедік. Екіншіден, алдағы жылдарға техника жағынан мықты база қалыптассын деген мақсат қойдық.
– Шаруалар бұл қаражатты қалай алады? Кез келген мақсатқа жұмсай бере ме, әлде нақты шектеу бар ма?
– Бұл жерде тәртіп қатаң. Аграрлық несие корпорациясы арқылы берілетін жеңілдетілген несиелер тек ауыл шаруашылығына байланысты шығындарға ғана бағытталады. Тұқым, жанар-жағармай, тыңайтқыш, қажетті агротехникалық құрал-жабдықтар осының бәрі қаржыландырылады.
Бірақ бұл ақшаға өзге салаға қатысы жоқ зат алуына жол берілмейді. Қаражаттың мақсатты жұмсалуын біз де, несие корпорациясы да бақылап отырады. Мақсат әр теңгенің егіске, жерге, өнімге айналғанын көру.
– Кей шаруалар «құжат көп, рәсім күрделі» деп шағымданып жатады. Биыл осы бағытта жеңілдік қарастырылды ма?
– Әрине, рәсімдеудің өз тәртібі бар, онсыз бюджет қаржысын берілмейді. Бірақ соңғы жылдары құжат айналымын мүмкіндігінше жеңілдетуге тырысып жатырмыз. Көп нәрсе онлайн форматқа көшірілді. Өтініш беру, құжат тапсыру, статусты бақылау барлығы электронды жүйе арқылы іске асады.
Ауылға барып, шаруалармен кездескен кезде ең жиі қойылатын сұрақ «несиені алу мерзімі, пайыздық мөлшерлеме және кепіл мәселесі». Біз осының бәрін түсіндіріп жүрміз. Қысқаша айтар болсақ, несиенің шарттары нарықтағы коммерциялық банктерден әлдеқайда жеңіл.
– 1 трлн теңге бөлінді деген жақсы, бірақ қарапайым оқырман үшін оның нәтижесі қандай деген сұрақ маңызды. Осы қомақты қаражат алдағы уақытта азық-түлік бағасының тұрақтануына әсері бола ма?
– Тікелей және жанама әсері болатыны сөзсіз. Біріншіден, егістік уақтылы егілсе, өнім жеткілікті мөлшерде жиналса, ішкі нарықта тапшылық болмайды. Бұл – бағаны ұстап тұруға мүмкіндік береді.
Екіншіден, мал азығы жеткілікті болса, ет және сүт өнімдерінің өзіндік құны шамадан тыс өсіп кетпейді. Біз ауылдағы жағдайды тек статистика ретінде емес, нарықпен байланыстырып қарастырамыз. Азық-түлік қауіпсіздігі деген ұғымның астарында осындай нақты тізбек жатыр.
– Назгүл ханым айтыңызшы, мұндай көлемдегі қолдау тұрақты сипатқа ене ме, әлде бұл жыл ерекше жағдай ма?
– Қазір әлемде азық-түлік мәселесі күрделі. Климат, логистика, геосаяси жағдай бәрі әсер етіп отыр. Сондықтан мемлекет ауыл шаруашылығы секторын әлсіз күйде қалдыра алмайды. 1 трлн теңге бір реттік акция емес, аграрлық саланы жаңа деңгейге көтерудің басы деп қараған дұрыс.
Әрине, алдағы жылдары бюджет мүмкіндігі, нарықтық жағдай ескеріледі. Бірақ ауылды қолдау стратегиялық бағыт болып қала береді. Соған сенімдімін.
– Әңгімеңізге рахмет!
Сұхабаттасқан Әмина ДУМАНҚЫЗЫ

