Қазақстанда енгізілуі жоспарланып отырған Бірыңғай есепке алу жүйесі (ЕСУ) Ресейдің атышулы ЦУПИС жобасының көшірмесі болып шықты. Осы жүйенің астарында не жатыр, оны кімдер бақылайды және қоғамға қаупі қандай?
Ertenmedia Exclusive.kz зерттеуіне сүйене отырып осы сұрақтарға жауап іздеп көрді.
Мәжіліс депутаты Бақытжан Базарбек жақында ЕСУ жүйесіне қатысты қоғам назарынан тыс қалған маңызды деректі жария етті. Оның айтуынша, Қазақстанда бұл жүйені енгізуді қолға алған шенеуніктердің артында NomaPay жеке компаниясымен жасалған құпия келісім бар. Келісімнің нәтижесінде қазақстандықтардың жеке деректері мен капитал сыртқа, нақты айтқанда, Ресейге кетуі мүмкін деген күдік бар.
Жүйенің түпнұсқасы Ресейдегі ЦУПИС жобасы. Ресейде осы жүйе бастапқыда құмар ойындар нарығын бақылау үшін жасалғанымен, кейін жемқорлық пен монополияның ошағына айналып кеткен.
Қазақстан шенеуніктеріне жасалған презентацияларда ЦУПИС «офшорлық аймақтармен күресіп, ойынқұмарлықты реттейтін мемлекеттік бақылау механизмі» ретінде таныстырылған. Алайда бұл жүйенің астарына үңілгенде, ешқандай мемлекеттік бақылаудың жоқтығы анық көрінеді.
Ресейде ЦУПИС-тің операторы қарапайым ғана микроқаржы ұйымы саналатын «Мобильная карта» атты банк емес несие мекемесі. Оның қожайындары ресейлік ВТБ банкіне жақын кәсіпкерлер мен атышулы Умар Кремлев. Осынау топ Ресейдің онлайн букмекерлік нарығын толықтай өз қолдарына жинап алған. Миллиондаған адамның жеке деректері, банк карталары, мекенжайлары мен қаржылық ақпараты қазір бір топтың қолында.
Умар Кремлев Ресейде екі рет қылмыстық жауапқа тартылған адам. Ол басқарған IBA (Халықаралық бокс қауымдастығы) жемқорлық пен криминалмен байланысы үшін Олимпиада бағдарламасынан шеттетілген. Бүгінде көптеген елдің бокс федерациялары Геннадий Головкин басқаратын World Boxing ұйымына ауысып жатыр.
Ал ЦУПИС-тің артында тұрған ВТБ банкі болса Украинаға қарсы соғысты қаржыландырғаны үшін АҚШ пен Еуроодақтың санкцияларына ілінген. Жүйенің операторы «Мобильная карта» компаниясы да еуропалық санкциялардың құрсауында.
Жүйені «қадағалаушы» ретінде құрылған «Единый регулятор азартных игр» (ЕРАИ) ұйымының өзі Кремлевтің бақылауында. Бұл ұйымның ресми міндеті – ЦУПИС-тің қаржы ағындарын бақылау. Бірақ басшылықта отырған Олег Саитов, Кирилл Щекутов және Алексей Грачев секілді адамдар Кремлевке тікелей бағынышты серіктестер. ЕРАИ басшылығында Ресей Қаржы министрлігінен бір ғана өкіл бар, ал қалғаны Кремлевтің айналасында жүргендер. Яғни, мемлекеттік қадағалау деген сөз тек формалды түрде ғана айтылған.
ЦУПИС жүйесінің тағы бір кемшілігі экономикалық тұрғыда мүлдем тиімсіз. Ресейде букмекерлерге ғана қызмет ететін ЦУПИС-тің жылдық операциялық шығыны 7,6 млрд рубль, ал таза пайдасы 31 млрд рубльге жеткен.
Салыстыру үшін айтайық, Ресейдің бүкіл банк секторын қамтамасыз ететін СБП жүйесінің шығыны екі есе аз. Ал Еуропадағы жүз миллионнан астам пайдаланушысы бар SEPA жүйесінің жылдық шығыны тіпті 2,5 млрд рубль ғана. Демек, ЦУПИС-те ашық түрде артық шығындар мен ақша жымқыру тетіктері жұмыс істеп тұр.
2024 жылы ЦУПИС иелері 31 млрд рубль пайда тапқанда, Ресей спортындағы қаржы тапшылығы 18 млрд рубльге жеткен. Спортты қаржыландыру деген міндет тек сөз жүзінде қалып отыр. Компания басшылары өздері қалаған спорт федерацияларына ғана ақша аударып, қалғандарын назардан тыс қалдырған. Бұл жүйенің мақсаты спортты дамыту емес, өздері орнатқан монополия арқылы жоғары пайда табу екені анық көрінеді.
ЦУПИС-тің Ресейдегі тағы бір қауіпті тұсы нарықты толығымен бақылауға алып, букмекерлерді өз шарттарына көндіруге мүмкіндік беруі. Қазір Ресейде букмекерлер ЦУПИС жүйесіне қосылмаса, заң бойынша лицензиясынан айырылады.
Кремлев осыны пайдаланып, букмекерлік кеңселерден «үлесіңді бер, болмаса жұмысыңды тоқтатамыз» деп ашық бопсалап отыр. Бұл біздегі белгілі «Болат Назарбаев схемасына» қатты ұқсайды.
Енді осы Ресейдегі жемқорлыққа батқан жүйе еш өзгеріссіз Қазақстанға келмекші. Бұл дегеніміз біздің букмекерлік нарығымызды да Умар Кремлев секілді күмәнді тұлғалардың қолына тапсыру деген сөз. Ертең Қазақстанда қай букмекерлік компанияның жұмыс істейтіні, кім қанша үлес беретіні осы топтың еркінде болады. Бұл бізге керек пе? Қазір қоғамның алаңдап отырғаны осы.

