Halyk Finance сарапшыларының пайымдауынша, Ұлттық банк 28 қарашада базалық мөлшерлемені қазіргі 18% деңгейінде қалдырады, деп хабарлайды Ertenmedia.
Қаржы нарығын талдаушылардың айтуынша, қазіргі макроэкономикалық ахуал ақша-несие саясатын қатаңдатуды да, жеңілдетуді де қажет етпейді. Жыл соңына қарай инфляция 12–12,5% аралығында сақталады деген болжам бар.
«Қазанда инфляция бір жыл ішінде алғаш рет бәсеңдеп, 12,9%-дан 12,6%-ға түсті. Бұған ең алдымен қызмет бағасының өсу қарқынының төмендеуі себеп болды. Тұрғын үй-коммуналдық қызмет тарифтерін уақытша тоқтату, бірқатар өңірлерде су бағасының дифференциалды тарифтерін алып тастау және бензин бағасының тұрақталуы инфляцияның бәсеңдеуіне айтарлықтай ықпал етті», – дейді сарапшы Алексей Әфонский.
Сонымен қатар, екінші жартыжылдықта Ұлттық қордан аударылған трансферт көлемінің қысқаруы және қазан айынан бастап теңгенің 5,5%-ға нығаюы импорт тауарлары бағасының өсуін тежеуге әсер еткен.
Еске салайық, қазан айында Ұлттық банк базалық мөлшерлемені бірден 150 базистік тармаққа көтеріп, 18%-ға жеткізген болатын. Бұл соңғы 25 жылдағы ең жоғары көрсеткіш. Ұлттық банк мұндай қадамға инфляцияны бақылауда ұстау үшін барғанын түсіндірген еді.
Ұлттық банк басшысы Тимур Сүлейменов инфляция қарқыны бәсеңдемесе, мөлшерлеменің тағы да өсуі мүмкін екенін жоққа шығармаған.
Алайда нақты шешім қараша айындағы талдау қорытындысы бойынша қабылданатынын атап өткен. Сүлейменовтің пікірінше, ақша-несие саясаты баға толық тұрақталғанға дейін қатаң күйінде қала береді.
Жоғары базалық мөлшерлеме несие нарығын тежеп, депозиттерді тартымды етеді. Сарапшылардың айтуынша, қазіргі жағдайда ипотекалық несиелер беру көлемі қысқаруы мүмкін. Сондықтан банктер мемлекет тарапынан қосымша субсидия болмаса, тұрғын үйге несие беруге құлықты болмайды.

