Мемлекеттік кеңесші Ерлан Қарин ішкі саясаттағы жаңа құжаттың мән-мағынасын түсіндіріп берді, деп жазады Ertenmedia.
Қарашаның басында қабылданған, ішкі саясаттың қағидаты мен құндылықтарын бекітетін жарлық қоғам ішінде әрқилы пікір тудырған еді.
«Есті саясат» деген тақырыппен жарық көрген мақаласында Қарин осы құжаттың қажеттілігі мен мақсатын тарқата түседі. Мемлекеттік кеңесшінің айтуынша, бұған дейін ішкі саясатқа қатсты ұстанымдар әртүрлі құжатта шашырап, кейде бір-біріне қарама-қайшы келген.
Енді алғаш рет мемлекеттің ішкі саясатының айқын әрі жүйелі тұжырымдамасы қабылданды. Онда саясаттың мақсат-міндеті, негізгі бағыты мен құндылықтары нақты көрсетілген.
«Қоғам ішінде кейбір сарапшылар құжаттан жаңа идеология күтті. Бірақ құжаттың мақсаты басынан-ақ жаңа идеологияны қалыптастыру емес-тін. Қоғамдағы плюрализм жағдайында ортақ, әмбебап құндылықтарды анықтап, бекіту маңыздырақ болды», – дейді Ерлан Қарин.
Қариннің сөзінше, бұрын мемлекеттік оргындар ұзақмерзімді нәтиженің орнына қысқа мерзімді PR-шараларға әуес болған. «Жылдам жеңіс» тактикасы көп ретте стратегиялық міндеттерді ұмыттырған. Қазір мұндай көзқарастан арылып, нақты нәтижеге қол жеткізу, жүйелілік пен тұрақтылық басты назарға алынып отыр.
Құжаттағы негізгі принциптердің ішінде қоғам назарын аударған бірнеше тұсы бар. Мәселен, дәстүрлі құндылықтарды қорғау мәселесі ерекше аталады.
Мемлекеттік кеңесші қоғамның «сырттан таңылған жат мәдени модельдер мен жүріс-тұрыс нормаларына» алаңдайтынын және мемлекет бұл алаңдаушылықты ескеріп, заңнамалық тұрғыда қорғайтынын жазған.
Бұдан бөлек, Қарин цифрлық этикаға қатысты мәселені де қозғапты. Оның айтуынша, қазір фейк ақпарат пен «инфорэкет» қоғам үшін үлкен қауіп. Кейбір блогерлер мен белсенділер жанжалды әдейі қоздырып, кейін сол посттарды өшіру үшін ақша талап етеді. Мұндай әрекетті мемлекеттік кеңесші «банальды бопсалау» деп атайды.
«Блогерлердің кейбір әрекеті журналистика немесе қоғамдық белсенділік емес, кәдімгі бопсалау болып бара жатыр. Бұрын мұндай элементтерге жоғары жақтағылар қамқорлық жасаған болса, қазір ол кезең аяқталды. Мемлекет мұндай әрекеттерге жол бермейді», – деп кесіп айтады Қарин.
Қазір жиі талқыланатын cancel culture, яғни «мәдени шеттету» құбылысына да мемлекеттік кеңесші сынмен қарайды. Оның пікірінше, бойкот пен шеттетуді жүйелі түрде ұйымдастыру агрессия мен психологиялық қысым тудырады. Мұндай әділетсіздікпен күрес кейде одан да үлкен әділетсіздікке әкелуі мүмкін.
«Адамдар эмоцияға беріліп, жағдайды толық түсінбей, бойкотқа шақырып жатады. Нәтижесінде психологиялық зорлық атмосферасы қалыптасады. Әділетсіздікпен көзсіз күресу одан да үлкен әділетсіздікке ұласуы ықтимал. Сондықтан бойкотқа шақырудың этникалық, діни, тілдік, гендерлік негіздегі дискриминация белгілері болса, оған заңнамалық тұрғыдан жауапкершілік енгізу қажеттігі туындауы мүмкін», – деп жазады Ерлан Қарин.
Сөз соңында мемлекеттік кеңесші мемлекет қазір эмоциямен емес, рационалды әрі әділ шешімдер қабылдайтынын баса айтты. Ұлттық мүдде мен азаматтардың шынайы қажеттіліктерін қанағаттандыратын саясат қана ұзақ мерзімді нәтиже береді, дейді ол.
Осылайша, жаңа құжаттың түйіні: ұраншылдықтан бас тартып, нақты жұмыс істеуге көшу. «Есті саясат» дегеніміз айғай-шусыз, жүйелі түрде жүзеге асырылатын ішкі саясат дегенге саяды.

