Ұлттық банк 2026 жылдың алғашқы жартысына дейін базалық мөлшерлемені төмендетуді жоспарлап отырған жоқ, деп хабарлайды Ertenmedia.
Реттеушінің ақша-несие саясаты туралы жарияланған есебінде қазіргі 18 пайыздық базалық ставка инфляциялық қысымды азайту үшін сақталатыны айтылған. Банк шешімді базалық инфляцияның әлі де жоғары болуы, инфляциялық болжамның тұрақсыздығы және салық реформасы мен квазибюджеттік ынталандырудың сұранысқа ықпал ету ықтималдығына байланысты қабылдаған.
Сонымен қатар, Ұлттық банк елдің 2025 жылғы жалпы ішкі өнімінің өсу болжамын жақсартып, 6-6,5 пайызға дейін көтерді.
Алдағы жылдары экономикаға квазибюджеттік сектордың инвестициясы, ішкі тұтынудың тұрақтылығы және мұнай өндірісінің артуы оң ықпал етеді.
Дегенмен…
Биылғы мұнай өндірісінің рекордтық көрсеткіштері мен ішкі нарықтағы күшті сұраныс келесі жылдары жоғары базалық көрсеткіш қалыптастырады. Оған қоса салық саласындағы өзгерс ҚҚС ставкісының жоғарылауы, кейбір жеңілдіктің жойылуы және бюджет шығынын қатаң бақылау экономиканың қарқынды өсуін шектейді деген болжам бар. Сондай-ақ, инвестициялық жобаларға байланысты импорт көлемінің артуы да өсімді тежейді.
Нәтижесінде, 2026 жылы ЖІӨ өсімі 3,5-4,5 пайызға дейін баяулап, 2027 жылы қайтадан 4-5 пайызға жеделдейді деп күтіліп отыр.
Ұлттық банк бұған дейін 2025 жылға арналған инфляция болжамын 12-13 пайыз, 2026 жылы 9,5-12,5 пайыз деңгейінде белгілеген еді. Ал 2027 жылдың соңына қарай инфляция 5,5-7,5 пайыз аралығына дейін төмендеуі тиіс.
Тұшымды контентті Ertenmedia-ның телеграм арнасынан оқыңыз.

