Алматының Медеу аудандық соты Қайрат Қожамжаровтың туған бауыры Дулат Қожамжаров пен оған тиесілі фирмалардың мүлкін бұғаттады жазады Ertenmedia.
BesMedia басылымының мәліметінше, бұған «Халық банкінің» шағымына себеп болған.
Банк 2,63 млрд теңге көлеміндегі берешекті қайтару үшін кәсіпкер мен оның компанияларына тиесілі мүлікті бұғаттауды талап еткен.
«Жауапкер тараптар «Ойл Снаб» компания тобы, «HILL Resources», «HILL Invest», «AvtoTechMas Ltd» ЖШС-ы, сондай-ақ Дулат Қожамжаров пен Гүлназ Қожамжарованың барлық жылжымалы-жылжымайтын мүлкіне 2,63 млрд теңге көлемінде шектеу қойылсын», – делінген сот шешімінде.
Дулат Қожамжаров байлығы 100 млн доллардан (!) асып жығылатын ауқатты қазақты бірі. Оның меншігінде 7 компания тіркелген. Бас прокуратура Қожамжаровтың інісін «заңсыз активті қайтару» туралы заң аясында бақылауға алынатын тұлғаның санатына қосқан.
Қайрат Қожамжаров ұзақ жыл бойы коррупциямен күрес мекемелерін басқарды. Оның тұсында антикор Агенттік те, Бюро формасында да болды. Кейіннен Бас прокурор, сенатор лауазымында болды. 2023 жылдың басында Парламенттегі орнын босатып, мандатынан айрылды.
Қожамжаровтар Шымкенттегі «Hill Corporation» майлау материалын шығаратын зауыттың жалғыз иесі. Биыл көктемде Бәсекені қорғау және дамыту агенттігі ҚТЖ мен Hill Corporation арасында локомотивтерге арналған мотор майын жеткізуде 624 млн теңгеден астам сомаға бәсекеге қарсы келісім жасалғанын анықтаған.
Оның алдында Жаңа Қазақстан Hill Corporation-ның «еншілес» компаниясынан Шымкент маңындағы 54,7 гектар жер учаскесін қайтарып алған. Қалалық жер ресурсын басқару департаментінің тексеруі кезінде жердің «Hill Invest» ЖШС-не аукционсыз, Жер кодексін өрескел бұза отырып берілгені анықталған.
Жер ауыл шаруашылығына арналғанымен, компания онда мұнай өңдеу зауытын салуды жоспарлаған. «Hill Invest» ЖШС-нің басшысы Қайрекеңнің тағы бір бауыры Қуат Қожамжаров.
Экс-прокурордың балалары Бексұлтан мен Елнар Пернеш, Жанайдар Қайрат пен Жәнел Қайраттар «Astana Real Estate Management» фирмасына иелік етеді. Компания жылжымайтын мүлікті жалға берумен айналысады. Қожамжаровтың ұл-қыздары елорданың Есіл ауданында орналасқан 9 қабатты «Астана» бизнес-орталығындағы кеңселерді жалға беріп жүр.
Тоқ етерін айтқанда, билікте Қожамжаровқа қысым көрсету рычагтары аз емес. Финполдың экс-төрағасы 2025 жылдың басынан бері Мәскеуде тұрып жатыр. Соңғы кезде Ресей Қожамжаровқа қолайсыз болып жүр, ескі Қазақстанның белді өкілі басқа елге қоныс аударуды жоспарлап жүр дейді-мыс. Толығырақ осы тұста.
Тұшымды контентті Ertenmedia-ның телеграм арнасынан оқыңыз.
VIP фастфуд пен Мәскеу метросы: Қазақстан Қожамжаровты қайтарудың қамында

