Қазақстанда тұтынушыны алдайтын кәсіпкерлерге салынатын айыппұл көлемі көбейеді, деп хабарлайды Ertenmedia.
Депутат Мұрат Әбеновтің айтуынша, Парламентте қаралып жатқан заң жобасында сатушылардың жауапкершілігін арттыру көзделген.
«Біз тұтынушы құқығын бұзғандарға салынатын айыппұл мөлшерін ұлғайтамыз. Енді сатушы тауар құнын толық қайтарумен бірге қосымша айыппұл төлейді. Мәселен, 1 миллион теңгенің тауары үшін тұтынушыға ақшасын қайтарып, оның үстіне тағы 100 мың теңге айыппұл төлеуі мүмкін. Басты мақсат кәсіпкерлерге тұтынушы құқығын бұзу тиімсіз болу керек», – деді депутат.
Әбеновтің айтуынша, алданған тұтынушы алдымен сатушының өзіне шағым түсіре алады. Егер ол 10 күн ішінде жауап бермесе, тікелей сотқа жүгінуге құқылы.
«Мен азаматтарға бірден сотқа барыңыздар деп кеңес беремін. Конституция бойынша әр азаматтың сотқа шағымдануға құқы бар. Кейбір судьялар мұндай шағымдарды басқа мекемелерге сілтеп, істі қарауға құлықсыз болады. Бұл дұрыс емес», – деді мәжілісмен.
Сондай-ақ, заң жобасында WhatsApp сияқты мессенджерлердегі хат-хабар алмасу ресми келісімшарт болып саналатыны көрсетілген.
«Қазір онлайн сауда кең тарады, азаматтардың көбінде қағаз түрінде келісім жоқ. Сондықтан біз видеожазба, WhatsApp-тағы жазбаша келісім мен хат алмасу ресми келісімшартқа тең деп көрсетіп отырмыз. Егер мен сатушыға ақша жіберсем, ол маған WhatsApp арқылы тауарға үш жыл кепілдік берем деп уәде берсе, онда бұл ресми келісім. Ертең ол сөзінен тайып, «арада ешқандай келісім болмады» деп кете алмайды. Біз азаматтарды осылай қорғағымыз келеді. Өйткені компаниялардың заңгері бар, ал қарапайым тұтынушы қорғансыз күйде қалады», – деп түсіндірді депутат.
Сонымен қатар, Мұрат Әбенов Мәжілісте банктер туралы заң жобасы қаралғанда да тұтынушыны қорғайтын түзетулер енгізілгенін атап өтті.
«Сол кезде бізге банктердің тұтас бір қауымдастығы келіп, маған және депутат Бақытжан Базарбекке шағым түсірді. Біз оларға: «ал қарапайым азаматтардың құқығын кім қорғайды?» деп жауап бердік. Айына онлайн-несие бойынша алаяқтарға алданып, құқығы бұзылған 500-ден астам адамнан арыз түседі. Солардың бәрі Мәжіліске келіп, шағымын айтса, мұнда үлкен шу шығар еді. Тұтынушы құқығын қорғау заңының басты қағидасы бизнестен алданып қалған қарапайым адамдарды қорғау. Себебі азаматтарға қарсы тұтас кәсіпорындар шығады, олардың күші мен мүмкіндігі қашан да жоғары», – деді Әбенов.
Айта кетейік, қазір Мәжілісте тұтынушылардың құқықтарын қорғау туралы заңға жаңа түзетулер қаралып жатыр. Бұған дейін қазақстандықтардың сатушылардың ақшаны қайтарудан бас тартуына және сапасыз тауарды ауыстырмауына жиі шағымданатыны айтылған болатын.
Тұшымды контентті Ertenmedia-ның телеграм арнасынан оқыңыз.
Несие нарығындағы нартәуекел: Базарбек пен Әбеновтің бақылау механизмі іске қосылды

