Алматыда кәуапханалар, қоғамдық тамақтану орындары және монша сияқты нысандарды тексерілді. Тұрғын үйге жақын орналасқан орындардан түтін мен иіс тұрғындарға жайсыздық туғызатыны жасырын емес. Осы жолы Медеу ауданындағы бірнеше кәуапханаға санитарлық-эпидемиологиялық қызмет мамандары назар аударды. Алматы қаласының санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті бес дәмханаға жоспардан тыс тексеру жүргізді. Нәтижесінде төрт нысанда бұзушылық анықталды. Бір факт бойынша іс материалдары сотқа жолданды. Салынған айыппұлдың жалпы сомасы 1,2 млн теңгеден асты, деп жазады Ertenmedia.kz.
Қалада түтін мен иіс мәселесі көбіне көмірмен жанатын мангалдан шығады. Осы бағытта «Eco Almaty» ЖШС-нің қоршаған ортаны қорғау және экология бөлімі табиғатты қорғау полициясымен бірлесіп профилактикалық жұмыс жүргізген. Мақсаты кәсіпкерлерге талапты нақты түсіндіру, тәртіпке келтіру.
Бақылау барысында Қабанбай батыр көшесі, 8 мекенжайындағы «Грузинский двор» дәмханасында және Қабанбай батыр көшесі, 15 мекенжайындағы «Modi» дәмханасында көмірмен жанатын мангал қолданылғаны тіркелді.
Жақын маңдағы үйлердің тұрғындары осы орындардан қатты түтін мен иіс шығатынын айтып, шағым түсірген. Тұрғын үшін терезе ашып желдету де, балконға шығу да қиынға айналса, мәселе асхананың мәзірінен әлдеқайда маңызды болып кетеді.
«Eco Almaty» мамандары кәсіпкерлермен әңгіме жүргізіп, «Алматы қаласының аумағын көріктендіру қағидаларын» қатаң сақтау қажеттігін ескерткен. Экологиялық және санитарлық талаптар бойынша нақты талаптар айтылған.
Қатты отынды пайдалануға тыйым салынатыны, ал газбен жұмыс істейтін жабдық қолданылса, сүзгілер орнату міндетті екені түсіндірілген. Бұдан бөлек, мұндай құқықбұзушылық үшін жауапкершілік бар екені де ескертілді.
Алматы қаласында қоғамдық тамақтану орындары көбейген сайын, санитарлық тәртіп пен экологияға қатысты сұрақ та көбейеді. Бір жағынан бизнес жұмыс істейді, адам нанын табады. Екінші жағынан, көпқабатты үйдің дәл түбіндегі түтін күнде қайталанса, тұрғындардың мазасы қашады. Сол себепті кәуапханалар, дәмханалар және монша нысандарына тексеру тұрақты түрде жүргізіледі.

