Бүгін 1986 жылғы Желтоқсан оқиғасына 39 жыл толды. Тарих үшін қас-қағым сәт, ал халық жадында бір адамның ғұмырына пара-пар уақыт. Десе де, көп сауал әлі жауапсыз күйде, деп жазады Ertenmedia.kz.
Желтоқсан неге бұрқ етті? Бұдан кім ұтты? Шеруге шыққан жастар қалай басып-жаншылды? Қанша адам құрбан болды, қаншасы жараланды? Олардың есімдері қашан ашық аталады? Сол қанды шешімді қабылдаған кімдер? Ел басқарған тұлғалар тарихи жауапкершілікті қашан сезінеді?
Халық әлі күнге дейін Қонаевтың қызметтен қалай алынғанын ұмытқан жоқ. Мәскеудің нұсқауымен, ел пікірімен санаспай, Қазақстанға мүлде қатысы жоқ Колбинді әкеліп отырғызғаны да есте. Ертеңіне студент жастар алаңға шықты.
«Мені осы жылдар бойы мазалаған бір сауал бар еді: әскерді енгізу туралы шешімді кім қабылдады? Сол бұйрықтың артында кімнің қолы тұрды?..» – дейді саясаткер Болат Әбілов.
Саясаткер 2000 жылдың қаңтарында Швейцарияда Михаил Горбачевпен кездейсоқ кездескенін еске алыпты. Горбачевпен әңгіме барысында, Әбілов осы сауалды қойған екен:
«Алматыдағы жағдай туралы сізге кім баяндады? Әскер кіргізіп, студенттерді аяусыз басу туралы шешімді кім қабылдады?»
Горбачев былай деп жауап берген:
«Ол уақытта қазіргідей бейнебайланыс жоқ еді. Жағдай туралы жаңа басшы Колбин баяндады, бірақ анық ештеңе айта алмады. Ал Назарбаев болса, жағдай бақылаудан шығып барады, жергілікті күштер тәртіп орната алмай жатыр деп қайта-қайта хабарласып, әскер кіргізуді сұрады. Біз амалсыз келістік. Яғни бұл сіздердің жергілікті басшыларыңыздың, атап айтқанда Колбин мен Назарбаевтың өтінішімен жасалды».
Бұл 2000 жылы қаңтарда Болат Әбілов Горбачевтен тікелей естіген сөз.
«Сол оқиғаға 40 жылға жуық уақыт өтті. Куәгерлер әлі тірі. Бірақ Желтоқсанның саяси да, тарихи да бағасы берілмеді. Біз өз тарихымыздың тереңін білмегеніміз былай тұрсын, кешегі күні болған оқиғаларды әлі толық түсіне алмадық. Бұл да біздің ұлттық трагедиямыздың бір көрінісі», – дейді саясаткер.
1986 жылғы Желтоқсан көтерілісі КСРО-ның тарихындағы халықтың тәуелсіздікке деген ұмтылысын ашық білдірген алғашқы оқиға еді. Алаңға шыққан жастардың көбі Қазақстанды қазақ басқарсын деп қана емес, елдің ішіндегі тарихи азаттыққа ұмтылысын паш етті.
«Желтоқсан Кеңес одағының іргетасынан суырылған алғашқы тас болды. Осы оқиғадан соң басқа республикалар да ояна бастады. Бірақ Қазақстан тәуелсіздігін ең соңынан жариялады. Бұл Назарбаевтың сол кездегі тартыншақтығы мен шешімсіздігінің салдары», – деп жазады Болат Әбілов.
Тарих үнсіздікті кешірмейді. Өткеніміз туралы ашық айтудан қанша қашсақ, ол сонша ұзақ уақыт болашағымызға ауыр жүк болып артыла бермек.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!

