Қазақстан шахмат федерациясының президенті Тимур Турлов осы ойынның төңірегіндегі соңғы дауға пікір білдіріп, кәсіби спортшыларды бірлікке шақырды, деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
Әлемжелідегі парақшасында Турлов соңғы күндері танымал шахматшыға қатысты шиеленісті мұқият бақылап отырғанын, жағдайдың тым жағымсыз сипат алып бара жатқанын атап өтті.
«Шахмат мен үшін формальды міндет немесе көңіл көтеретін ермек емес. Бұл менің өмірімнің маңызды бір бөлігі. Менің атсалысуым тек қаржы бөлумен шектелмейді, сондықтан жұмсалған қаражат көлемін айтып мақтанғым келмейді», – деді федерация басшысы.
Турлов қазақстандық шахматтың қазіргі кезеңі айрықша екенін айтып, жас ойыншылардың халықаралық турнирлерде ел намысын қорғап, жеңіс тұғырынан көрініп жүргенін мақтан тұтатынын жеткізді. Оның пікірінше, мұның артында жаттықтырушылардың, ата-аналардың, ұйымдастырушылар мен спортшылардың тынымсыз еңбегі тұр.
«Федерация тек жоғары нәтижелі спортты ғана дамытпайды. Біз еліміздің барлық өңірлерінде балалар шахматына да ерекше мән береміз. Алдағы уақытта біздің шахматшыларымыз әлемнің үздік жүздігіне енеді деген үміттемін», – деді ол.
Сонымен қатар, федерация басшысы соңғы дау-дамайдың тым жылдам өршіп, өкпе-ренішке ұласып кеткеніне алаңдайтынын айтты.
«Осындай кезде шахмат қауымдастығы бір-бірімен айтысып, «өз-өзіне қарсы» ойнай бастағандай көрінеді. Шын мәнінде, біздің ортақ қарсыласымыз халықаралық алаңда», – деді ол. Турлов әсіресе осы оқиғалардың жас шахматшылардың психологиясына әсеріне тоқталды.
«Еліміздегі мыңдаған ұл-қыздарымыз кәсіби шахматшыларға қарап бой түзейді. Чемпиондар қиын сәттерде қалай әрекет ететіні тұтас бір буын үшін маңызды», – деді федерация президенті.
Оның сөзінше, әрбір спортшының жетістігі федерация үшін құнды. Бірақ «ортақ шаңырақ сенім мен өзара құрметке негізделгендіктен», тым өткір мәлімдемелер осы сенімді шайқалтуы мүмкін.
Асаубаеваның мәселесі қалай шешіледі?
Федерация басшысы Бибісара Асаубаева төңірегіндегі жағдайға да пікір білдірді. Турлов спортшының атын нақты атамағанымен, әлемдік шахмат элитасына кірген қазақстандық шахматшының жетістігін жоғары бағалады.
«Мұндай деңгейдегі талант сирек кездеседі. Оның өз қабілетін ақпараттық шу емес, шахмат тақтасы үстінде көрсеткенін қалаймын. Қазір қызу эмоциямен шешім қабылдап, кейін қайтарып ала алмайтын жағдай туғызудан сақ болуымыз қажет. Біздің ең маңызды жеңістеріміз әлі алда. Оларға тек бірлікте, бір ту астында ғана жетеміз», – деді ол.
Тимур Турлов Қазақстан шахмат қауымдастығы өзінің әлеуетінің әлі 10 пайызын да толық ашпағанын, алда командалық турнирлер мен олимпиадалар, жаңа буын ойыншылар тұрғанын жеткізді.
«Біз бір командамыз және біздің туымыз ортақ», – деп қорытындылады федерация басшысы.
Контекст
Айта кетелік, бұған дейін шахматшы айлық жалақысының әжептәуір қысқарғанын айтып, президент Тоқаевқа шағым жолдаған.
Бұған лезде жауып қатқан Ербол Мырзабосынов Асаубаеваны «асырауға» биылдың өзінде 100 млн теңгеге жұмсалғанын айтқан. Ал қазақтілді қауым Бибісараға жеке-дара демеуші іздеуі керектігін әрі мемлекеттік тілді үйренетін жасқа жеткенін еске салуда.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







