Қазақстанда инфляцияны тежеу үшін әлеуметтік маңызды азық-түлік түрлерінің тізімі кеңейтіледі, деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
Үкіметтің 17 желтоқсандағы отырысында премьер-министр Олжас Бектенов осындай тапсырма берді.
Үкімет басшысының айтуынша, соңғы екі айда елдегі инфляция деңгейі 12,4%-ға дейін төмендегенімен, өңірлерде азық-түлік бағасының шарықтауынан кері динамика байқалып отыр.
«Сауда министрлігі әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының уақытша кеңейтілген тізімін жедел әзірлеп, бекітуі керек. Мұндай шара өнімдердің басым бөлігінің бағасын реттеуге мүмкіндік береді. Әсіресе ет пен ет өнімдерінің қымбаттауы жалпы инфляцияға айтарлықтай қысым көрсетіп отыр. Осы ретте Сауда, Ауыл шаруашылығы министрліктері және әкімдіктер бағаны тұрақтандыру бойынша арнайы жұмыс жүргізуі қажет», – деді премьер-министр.
Олжас Бектенов елорда тәжірибесін мысалға ала отырып, қолжетімді бағадағы сиыр етін ірі сауда желілері арқылы сатуды ел көлемінде іске асыруды тапсырды.
Сонымен қатар, үкімет 2025 жылдың 19 қарашасында 2026-2028 жылдарға арналған макроэкономикалық тұрақтылық пен халықтың әл-ауқатын арттыру бойынша бірлескен іс-қимыл бағдарламасын қабылдаған. Аталған бағдарламаға сәйкес халықтың тұрмыс деңгейін көтеру сапалы әрі тұрақты экономикалық өсіммен және инфляцияны төмендетумен қамтамасыз етілмек.
Бұған дейін Ақ жол» партиясы премьер Бектеновтен шекарадағы түйткілдерді тез арада шешуді талап еткен болатын.

