Токиода өткен тарихи саммитте президент Тоқаев Қазақстан мен Жапония арасындағы серіктестіктің жаңа көкжиегін айқындады, деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
«Орталық Азия – Жапония» саммитінде сөз алған Мемлекет басшысы кездесуге ұйытқы болған Жапон премьер-министрі Санаэ Такаичиге алғыс айтып, Токионың халықаралық саясаттағы рөліне тоқталды.
«Токионың төріндегі жиын тұтас Орталық Азияның әлемдік қауымдастық алдындағы абыройын көтерер маңызды оқиға. Диалог алаңын 2004 жылы алғаш болып ұсынған Жапония біз үшін әрқашан үлгі. Екі жақтың байланысы ежелгі Жібек жолы кезінен бастау алып, тамыры тереңге кеткен», – деді Тоқаев.
Президенттің айтуынша, Қазақстан мен Жапонияны ортақ құндылықтар, өзара түсіністік пен тарих жақындастырып отыр.
«Жапония мәдениеті мен даналыққа негізделген өмір философиясы бізге өте жақын. Біз бұл елмен өткеніміз де, болашағымыз да бір арнада тоғысқан стратегиялық серіктеспіз», – деді Президент.
Ақтау портындағы Жапон амбициясы
Тоқаев өз сөзінде екі ел арасындағы нақты бағыттар бойынша әріптестікті дамытудың маңызды тұстарын атады.

Қазақстан жапон инвесторлары үшін жағдайды одан әрі жақсартып, қолайлы инвестициялық ахуал қалыптастыруға әзір. Токио сапары барысында жалпы сомасы 3,7 млрд долларды құрайтын 60-тан астам келісімге қол қойылды.
Қазақстан мен Жапония арасындағы сауда айналымы 2 млрд доллар, ал жапон инвестициясының көлемі 8,5 млрд доллардан асқан. Жапония Ақтау портындағы кеден қызметін жаңартып, Орта дәліз жобасын дамытуға қатысады.
Қазақстан энергетика саласында Жапонияның жаңа технологияларына қызығушылық танытып, жасыл шешімдер бойынша бірлескен жобаларды жүзеге асырмақ.
Атом энергетикасында екі ел арасында үлкен әлеует бар, Қазақстан уран қорына, Жапония озық технологияларға ие. Минералды ресурстарды цифрлық игеруге бағытталған «Next-Generation SmartMining Plus» бірлескен жобасы қолға алынады.

Ауыл шаруашылығы саласындағы зерттеу платформасын құрып, ғалымдар кездесуін Астанада өткізу ұсынылды. Президент өңірдегі су мәселесін шешудегі Жапон халықаралық ынтымақтастық агенттігінің (JICA) үлесін жоғары бағалап, әріптестікті одан әрі жалғастыруға дайын екенін жеткізді.
Қазақстан жасанды интеллект саласындағы әріптестікке бағытталған Токио бастамасын толық қолдайды. Тоқаев Қазақстанда Жапонның университеттері мен білім беру орталықтарын ашуды ұсынды.
Саммит соңында қатысушылар Токио декларациясына қол қойды. Келесі саммит Қазақстанда өтеді. Ұйымға төрағалық ету міндеті елімізге көшті.

