Президент Тоқаев Астананың даму қарқынын жоғары бағалап, қала әкімі Жеңіс Қасымбектің жұмысын ерекше атап өтті, деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
24 желтоқсанда елорданы дамыту мәселесіне арналған жиында сөз сөйлеген Мемлекет басшысы қала басшысының жұмысына көңілі толатынын жасырмады.
«Жеңіс Қасымбектің бойынан менің талабымды түсінген, ойымды оқып, бағыт-бағдарымды анық сезінген адамды таптым. Бұған дейін бұл қызметтегі бірде-бір басшымен мұндай үйлесім болмағанын ашық айтқым келеді», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Президенттің сөзінше, биылғы 11 айдың қорытындысы бойынша елорданың қысқамерзімді экономикалық көрсеткіші 118,6 пайызға жетіп, Астана өңірлер арасында көш бастаған.
Әсіресе инвестиция тарту, құрылыс көлемі және шағын әрі орта бизнестің даму қарқыны бойынша қала әдемі нәтиже көрсетіп отыр.
«Жалпы, елорданың даму қарқыны көңіл қуантады. Астана айқын бағытта алға жылжып, нақты нәтижелерге қол жеткізуде. Қала инфрақұрылымында да елеулі өзгеріс бар. Жақында Қазақстанға сапарлаған ҚХР төрағасы Си Цзиньпин де Астананың аз уақытта танымастай өзгергеніне таңданысын білдірді», – деді Мемлекет басшысы.
Сондай-ақ Президент халықаралық беделді ұйымдардың Астананы жоғары бағалайтынын атап өтті. Мәселен, Oxford Economics рейтингінде елорда Азиядағы үздік қалалардың қатарына кіріп, 36-орынға жайғасқан.
Бұған дейін Ertenmedia-ның телеграм арнасы Қасымбектің қызметі өсіп, Үкіметтегі экономикалық блоктың бір қанатын ұстауы мүмкін екенін хабарлаған.
Осыған дейін Астана әкімі қалада екінші әуежай салына ма деген сауалға екіұшты жауап қатқан еді.

