Алматы даму орталығының басшысы Руслан Берденовтің ұжым үшін жаңа жылдық корпоратив өткізбеу туралы шешімі әлеуметтік желіде қызу пікірталасқа себеп болды, деп жазады Ertenmedia.kz.
Бұл мәселені әлеуметтік желіде көтерген Threads қолданушысының жазуынша, мекемеде жаңа жылдық шарамен бірге қызметкерлерге бюджеттен қаралған шағын сыйлықтар да берілмейтін болған. Оған себеп басшылық «Жаңа жыл мұсылмандардың мерекесі емес» деген уәж айтыпты.
Берденовтің шыршасыз шешімі
«Жаңа жыл – Қазақстан Республикасының ресми бекітілген мемлекеттік мерекесі. Біз зайырлы мемлекетте өмір сүреміз. Дін мен еңбек қарым-қатынасын араластырмаған жөн. Мәселе конфет немесе кеш ұйымдастыруда емес, мәселе – екіжүзділік пен қос стандартта. Елестетіп көріңізші, бір христиан басшы Наурыз немесе айт мерекесін атап өтуге қарсы шығып, оның өз сеніміне сәйкес келмейтінін айтса не болар еді? Үлкен дау-дамай шығар еді. Ал мұнда кері жағдай неге қалыпты жағдай ретінде қабылданып отыр?» – дейді автор.
Пост авторы өзі де мұсылман екенін және діни көзқарасқа емес, оның жұмыс ортасында таңылуына қарсы екенін ерекше атап өткен. Сондай-ақ, ол Алматы даму орталығының бюджет есебінен қаржыландырылатын квазимемлекеттік мекеме екенін еске салып, сондықтан бейтарап ұстанымда қалуы міндетті деп санайды.
Бұл пікір әлеуметтік желіде кеңінен талқыланды. Кей қолданушылар авторды қолдаған. Мысалы, lamidiyakarr709 есімді қолданушы мұндай шешімдер бірте-бірте Наурыз сияқты дәстүрлі мерекелерді де тойламауға әкелуі мүмкін деп алаңдайтынын жазған. Ал julia.arslan есімді оқырман жеке тәжірибесімен бөлісіпті:
– Менің жолдасым намаз оқиды, медреседе білім алған, ата-бабалары да дінге берік адамдар. Дегенмен біздің үйде жыл сайын шырша қойылады. Біз Рождествоны емес, жылдың аяқталуын атап өтеміз. Үйімізде итіміз бар, балалар сыйлық күтеді, мен де жыл сайын сыйлық жасаймын. Бір нәрсе екіншісіне кедергі келтірмейді, – дейді ол.
Жаңа жыл ең алдымен отбасылық мереке
Пікір білдірушілердің арасында бұл жағдайға мүлдем басқаша қарайтындар да аз болмады. Кейбіреулер корпоратив пен сыйлықтың берілу-берілмеуі – әр мекеменің жеке шешімі екенін, жұмыс беруші ұжымдық шараларды өз есебінен өткізуге міндетті емес деген уәж айтқан.
«Жаңа жылды атап өтуге ешкім тыйым салған жоқ. Оны жұмыстан тыс кезде ұжыммен де, жеке де тойлай беріңіз. Компания бюджеті мен шығыны – басшылықтың құқығындағы мәселе», – деп жазған қолданушылардың бірі.
Тағы бір топ қолданушы халықаралық компанияларда да осындай тәжірибе жиі кездесетінін, оның идеологияға емес, қаржы үнемдеу мәселесіне байланысты екенін жазыпты.
Осы талқылауға Руслан Берденовтің өзі де қосылды. Оның сөзінше, Жаңа жыл ең алдымен отбасылық мереке, әрі қызметкерлерге бұл мерекені атап өтуге ешқандай шектеу қойылмаған.
– Жалған ақпарат таратпауларыңызды сұраймын. Сіздің жазған мәліметтеріңіз тексеруге жіберілді. Қауіпсіздік қызметі бұл жағдайды тексеріп жатыр, айтылған сөздеріңізге тиісті тәртіп бойынша түсініктеме беріледі, – деп жауап берді ол.
Таяуда Шымкент әкімі Берденовтің бір айдағы «жетістігін» асыра мақтау екенін айтқан болатын.

