Өзбекстандағы Ферғана мұнай өңдеу зауыты Қазақстан мұнайынан халықаралық стандартқа сай келетін Jet A-1 авиациялық отын шығаруды бастады, деп жазады Ertenmedia.kz.
Ал біздің «ҚазМұнайГаз» ұлттық компаниясы мұндай өнімді өндіруге дайын екенін баяндаудан ары аспай отыр. Avianews басылымының хабарлауынша, 2025 жылдың желтоқсанында Қазақстаннан Ферғана зауытына 35 мың тонна шикізат жеткізілген. Биылғы жылы да бұл көлем артып, 2026 жылдың соңына дейін жарты миллион тоннаға дейін жеткізу жоспарланған.
Зауыт операторы Saneg компаниясының мәлімдеуінше, қазақстандық мұнайдан өндірілген Jet A-1 маркалы авиациялық керосин Өзбекстанның ішкі нарығын қамтамасыз етпек. Кәсіпорын толық қуатына шыққан кезде елдегі авиакеросинге деген ішкі сұраныстың 70-80 пайызын өтей алады.
Ал Қазақстанның өзінде халықаралық Jet A-1 стандартына сай келетін авиациялық отын өндірісі әлі күнге дейін қолға алынған жоқ. «ҚазМұнайГаз» ұлттық компаниясы 2018 жылдан бері өзінің барлық үш мұнай өңдеу зауыты Jet A-1 стандартындағы отынды шығаруға дайын деп мәлімдеп келеді. Дегенмен өндірістің іске қосылмау себебін компания түсіндірген емес.
Осыған байланысты сарапшылар Қазақстанға авиациялық керосинді көршілес Қытайдан импорттаған әлдеқайда ыңғайлы болғаны ма деп әзілдейді. «Өзбекстаннан сұрап көрсек те болады, олар да бөлісуге дайын шығар», – деп мысқылдайды мамандар.
Бұл жағдай Қазақстанның мұнай-газ саласындағы өндірістік әлеуеті мен нақты іске асыру арасындағы айырмашылықты анық көрсетеді.
Украинадағы соғыстың көлеңкесі КТК құбырына түсіп, Қазақстанның мұнай экспорты тығырыққа тірелді.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!

