Қазақстандағы онлайн-казиноға қатысты атышулы істе жаңа фигуранттар халықаралық іздеуге жарияланды, деп жазады Ertenmedia.kz.
Олардың бірі бұған дейін АҚШ-та заңсыз ойын бизнесін ұйымдастыру бойынша атышулы қылмыстық істе аты аталған Дмитрий Дружинский. Бұл туралы белгілі журналист Михаил Козачков хабарлады.
Михаил Козачковтың айтуынша, өткен жылдың соңында Алматыда бірнеше банк пен төлем ұйымдарында тінту мен тұтқындаулар жүріп, сегіз адам ұсталған. Олардың арасында Forbes журналына шығып үлгерген кәсіпкер Игорь Ем мен «Қазпоштаның» топ-менеджері Әлібек Сабралиев та бар.
– Бұл қылмыстық істің түп-тамырында Кипрде тұратын ерлі-зайыпты Марина Ильина мен Дмитрий Пунин тұр. Бірі Украина азаматы, бірі Ресей азаматы. Қазақстанда олар ресми түрде букмекерлік кеңсе «Бонами» ЖШС-ін ашқан. Бірақ іс жүзінде олар «Pin Up» онлайн-казиносына Қазақстан азаматтарын тартып келген, – дейді журналист.
Михаил Козачков бұл схеманың негізгі тұлғасы ретінде Дмитрий Дружинскийді атайды. АҚШ азаматы, Украина тумасы Дружинский осыдан он жыл бұрын Нью-Йоркте заңсыз тотализатор мен жасырын карта ойындарын ұйымдастырғаны үшін істі болған. Сол кезде қылмыс әлемінің белгілі тұлғасы «Тайванчик» лақап атымен танылған Алимжан Тохтахуновтың аты аталған істе Дружинский үш ай түрмеде отырған.
– Дружинский бұдан еш сабақ алмаған. Қазақстанда дәл сол ойын бизнесімен қайта айналысып, осы мақсатта Украина азаматшасы Марина Левковичпен бірігіп жұмыс істеген. Қазақстаннан серіктес іздеген кезде оған RBK Bank-тің комплаенс-офицері Болат Болатбеков көмектескен деген күдік бар, – деп атап өтті Козачков.
Журналистің айтуынша, Болатбеков 2024 жылдың жазында Алматыда бірнеше банк басшыларымен кездесулер ұйымдастырып берген. Бұл банктердегі электрондық төлемдер бөлімдерінің жетекшілері қазір заңсыз қаржы айналымына қатысты тергеліп жатыр.
– Қазір бұл іс бойынша күдікке іліккендер саны көбейіп кетті. Олардың ішінде 35 төлем ұйымының қызметкерлері, төрт ірі банктің мамандары мен «Қазпоштаның» жетекші мамандары да бар. Сол себепті Қазақстан тарапы Дмитрий Дружинский мен Марина Левковичті халықаралық іздеуге жариялады, – деп мәлімдейді Михаил Козачков.
Осылайша, бұл іс тек жергілікті емес, халықаралық деңгейдегі үлкен дауға ұласып отыр. Тергеу жұмыстары жалғасуда.
Айтпақшы, Жалған ақпаратқа қарсы іс-қимыл орталығы банкоматтан ақша алған адамдардың деректер базасы құрылды деген ақпараттың жалған екенін хабарлады.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!

