Бұдан былай медицинаға бөлінетін миллиардтаған қаражат қатаң әрі ашық бақыланатын болады деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
Премьер-министрдің орынбасары, Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева Үкімет отырысында медицина саласын қаржыландыру мен бақылаудың жаңа моделін таныстырды.
Жаңа жүйеде ем-дом ұйымдарына бөлінетін қаржының екі қайтара төленуіне мүлде жол берілмейді, әрі ақша тек нәтижелі жұмыс істейтін мемлекеттік және жеке мекемелерге бағытталады.
«Қаржының мақсатты жұмсалуын қамтамасыз ету үшін бүкіл ел бойынша цифрлық бақылаудың бірыңғай жүйесі іске қосылады. Барлық төлем деректері бір жүйеге топтастырылып, қайталанған төлемдер автоматты түрде анықталып отырады. Пациенттердің шағымы мен ұсынысын қабылдауға арналған арнайы мобильді қосымша әзірленеді. Сонымен бірге медициналық қызмет сапасын қадағалау күшейтіліп, лицензия беру талаптары қатаңдатылады», – деді Балаева.
Бұған қоса, жемқорлық жанжалына іліккен Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесі (МӘМС) Қаржы министрлігінің бақылауына өтті. Қазір құқық қорғау органдары осы жүйеге қатысты ірі көлемде тергеу жүргізіп жатыр. Күні кеше президент Тоқаев медицина саласындағы миллиардтаған ұрлыққа байланысты кінәлілерді тез арада анықтап, заң аясында қатаң жазалауды тапсырған болатын.
Ал Балаеваға білім мен медицинадағы былықтарды реттеу міндеті тапсырылған секілді. Бұған дейін вице-премьер жекеменшік медициналық ұйымдарға қатысты бірқатар даулы мәліметтің шетін шығарған.
«Жеке клиникаларда мед.көмектің сапасы жақсарған жоқ, керісінше қаржы бұрмалау фактісі көбейді. Бір медициналық қызметке мемлекет тарапынан екі рет төлем жасалған жағдай жиі кездеседі. Мед.көмек көрсетілмесе де, ақша аударылған деректер анықталды», – деген еді Аида Ғалымқызы.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!

